Қазақстанда жасанды интеллектті қолдану ережелері ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әзірленеді

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жасанды интеллектті дамыту үшін бірыңғай тәсілдер әзірлеуге ерекше назар аударды.

Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын реттеп, олардың өзектілігі мен шынайылығын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет басшысы жасанды интеллект технологияларын қолдануда ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Жасанды интеллектті қолдануды реттейтін, соның ішінде дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік мәселелері, жасанды интеллект арқылы қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік және этикалық нормалар бойынша тиісті заңнамалық шаралар мен нормативтік-құқықтық актілерді қарастыру қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті жүзеге асырып, енгізіп жатқан кәсіпорындарды қолдауға бағытталған нақты шараларды әзірлеу тапсырылды.

TSARKA қолдауымен