Қазақстандағы маркетплейстерде 5 мыңнан астам алаяқтық хабарландыру бұғатталды

Алматы облысының прокуратурасы мен еліміздегі ірі онлайн-платформалардың бірлескен жұмысы нәтижесінде 5 000-нан астам алаяқтық белгілері бар аккаунт анықталып, бұғатталды. Тағы шамамен 7 000 хабарландыру тексеру сатысында, деп хабарлады өңірлік прокуратураның баспасөз қызметі.

Бастама Kolesa.kz, Krisha.kz және OLX.kz платформаларымен жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылуда. Партнёрлік аясында ақпаратпен тұрақты алмасу жүйесі құрылып, күмәнді әрекеттерге жедел әрекет ету механизмі енгізілген.

Тексеру барысында анықталған негізгі схемалар:

● жалған тәуліктік пәтер жалдау туралы хабарландырулар;

● жылжымайтын мүлік пен көлікті нарықтық бағадан төмен бағамен сату;

● автокөлік бөлшектерін шетелден жеткізуге алдын ала төлем сұрату арқылы ұсыныстар.

Алаяқтар жалған фотосуреттерді пайдаланып, азаматтарды жаңылыстырып, болмаған тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем талап еткен.

Прокуратура онлайн-платформалармен серіктестіктің алдаудың жолын кесуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік бергенін атап өтті. Жақын арада бұл ынтымақтастыққа телекоммуникациялық және қаржы ұйымдарын да тарту жоспарлануда.

Ведомство азаматтарды онлайн-сатылымдар кезінде сақ болуға, сатушылар туралы ақпаратты тексеруге және ұсыныстың шынайылығына көз жеткізбей тұрып, ақша аудармауға шақырды.

TSARKA қолдауымен