Қазақстандық Aman стартапы мобильді қауіпсіздік сервисін дамыту үшін 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты

Aman стартапы ересектер мен балаларға арналған жекелендірілген қауіпсіздік платформасын әзірлеп, алғашқы инвестициялық раунд аясында 300 000 АҚШ доллары көлемінде қаражат тартқанын хабарлады. Бұл қаражат сервисті Қазақстанда кеңейтуге және халықаралық нарыққа шығуға дайындыққа жұмсалады.

Жобаның алғашқы инвесторлары — жеке кәсіпкерлер, олар Aman стартапын тек қаржылай емес, құндылықтық тұрғыдан да қолдады. Олар жобаның әлеуметтік маңыздылығын және ұзақ мерзімді әлеуетін көрді.

Aman қосымшасы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен шабуылдардан бастап түрлі төтенше жағдайларға дейін қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы екі рөлдің бірін таңдайды: ересек немесе бала — әрқайсысына сәйкес функционал ұсынылады.

Ересектер үшін SOS батырмасын белсендірген кезде геолокация жақын адамына автоматты түрде жіберіледі. Сонымен қатар, бес минут бойы қоршаған ортаның аудиожазбасы жасалып, ол 30 күн бойы профильде сақталады. Егер шақыру кездейсоқ болса, оны растау терезесінде болдырмауға болады.

Балалар үшін SOS сигналы тек ата-аналарға жіберіледі. Сонымен қатар, ата-аналық бақылау функциялары қолжетімді: қозғалысты бақылау, қауіпсіз аймақтарды баптау және мессенджердегі хат алмасуларда қауіптердің бар-жоғын бақылау.

Aman бастапқы кезеңде жеке күзет агенттіктерін шақыру үлгісімен жұмыс істеген. Алайда масштабтауға дайындық барысында жеке қызметтер, әсіресе шағын қалаларда, қажетті қамту мен әрекет ету жылдамдығын қамтамасыз ете алмайтыны анық болды.

«Біз маңызды шешім қабылдадық — ІІМ-мен (Ішкі істер министрлігімен) серіктестік орнатуды бастап, күзет компанияларымен жұмыс үлгісінен біртіндеп бас тартамыз», — дейді жобаның негізін қалаушы Аружан Меде.

Қазіргі уақытта Aman командасы төтенше жағдайлар қызметтерімен техникалық интеграция жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл көмек сұрау сигналдарын делдалсыз және кідіріссіз тікелей жіберуге мүмкіндік береді. Бұл функция жақын арада іске қосылады.

Aman жобасының идеясы Аружан Меде жеке тәжірибесі мен алаңдатарлық статистикаға негізделе отырып дүниеге келген: жоғалған балалар, уақытында көмек ала алмаған әйелдер.

«Мен жай ғана өнім емес, өмірді құтқара алатын құрал жасағым келетінін түсіндім. Тіпті бір адамның өмірін құтқарсақ та – бұл жеткілікті», – дейді Аружан.

Оның айтуынша, команда әу бастан өнімді өз қаражатына жасап, оны сынақтан өткізіп, қажеттілігін дәлелдеу үшін саналы түрде осындай жолды таңдаған.

«Біз барлығын нөлден бастадық: сұранысты тексердік, кері байланыс жинадық, алғашқы нәтижелерді көрдік. Тек осыдан кейін, гипотезамызды растаған соң, инвестициялық раундты ашып, 300 000 доллар тарттық. Бұл тек қаржылық қолдау емес – бұл біздің шын мәнінде қажет нәрсе жасап жатқанымыздың дәлелі болды».

Қазіргі уақытта Aman Қазақстанның бүкіл аумағында жұмыс істейді. Қосымша App Store мен Google Play платформаларында қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Пайдаланушылар жеке немесе отбасылық (5 адамға дейін) жазылым ресімдей алады, оған 5 күндік тегін сынақ мерзімі қарастырылған.

Жақын жоспарлар – төтенше қызметтермен интеграцияны аяқтау және халықаралық нарыққа шығу. Алғашқы мақсатты елдер – Түркия мен Әзербайжан.

Аружанның айтуынша, басты мақсат – әлемнің кез келген нүктесіндегі адамдар үшін қолжетімді, сапалы әрі жедел қауіпсіздік жүйесін құру.

TSARKA қолдауымен