Қазақстандық дәріханаларға таңбаланған дәрі-дәрмектермен жұмыс жасау үшін компьютер қажет емес
Қазақстанда дәріханаларға көмектесу үшін NS Pharm тегін мобильді қосымшасы әзірленді. Ол таңбаланған тауармен жұмыс істеуді жеңілдетеді және процесті шағын дәріханаларға, оның ішінде ауылдық жерлердегі, шалғай аудандардағы дәріханалар үшін де қолжетімді етеді. Фармацевтикалық бизнеске арналған заманауи цифрлық шешім барлық заңнамалық талапқа сай, ол жабдық шығындарын азайтады және күрделі IT қолдаудың қажеттілігін жояды.
Мобильді қосымша (Play Market, AppStore) енді компанияны толық тіркеуді, соның ішінде офертаға қол қою функциясын қолдайды. Қызметтің соңғы жаңартуларымен пайдаланушыны телефон арқылы тіркеуге болады. Сондай-ақ сервисте есепке алудың ыңғайлылығы үшін тауарды айналымнан шығару туралы құжат жасауға болады.
Қосымшада тауардың сәйкестігін және таңбалау кодын тексеру мүмкіндігі бар. Кодты сканерлеу арқылы оның алынған тауарға сәйкес келетінін, не келмейтінін бірден білуге болады, бұл дәрілік заттардың есебін дәл жүргізу үшін маңызды.
NS Pharm қосымшасы қазақстандық дәріханаларға тауарларды таңбалау және қадағалау талаптарына оңай бейімделуге мүмкіндік береді.
Қосымшамен жұмыс істеу барысындағы дәрі-дәрмектерді тіркеуден бастап таңбалауға дейінгі барлық процесті оқыту роликтерінен көруге болады.
Естеріңізге салайық, Қазақстанда дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі енгізілген сәттен бастап төрт ай ішінде 66,2 миллион препараттың қаптамасына таңбалау кодтары қолданылды. Оның ішінде 39,3 миллион қаптама импорттық препараттардың, 29,4 миллион – отандық өндірістің үлесіне тиесілі, қазір айналымда 28,5 миллион түрлі дәрі-дәрмек бар.