Қазақстандық ғалымдар иммунитет статусын анықтауға арналған жасанды интеллект негізіндегі стартапты әзірледі

ImmuniGuide медициналық стартапы, Astana Hub резиденті, иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бірегей платформаның ресми іске қосылуын жариялады. Бұл инновациялық өнім отандық ғалымдармен әзірленіп, онкологиялық клиникада сәтті енгізілді.

Ғылыми-клиникалық инновациялық медицина орталығының дәрігерлері әзірлеген жоба командасының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін және қолжетімді скрининг ұсыну. Платформа қан талдауының нәтижелері негізінде иммунологиялық деректердің кең ауқымын талдап, жасырын инфекцияларды анықтайды және ағзаның ауруларға, вакцинацияға, физикалық жүктемелер мен күйзеліске реакциясын бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар, иммунитетті қолдау және нығайту бойынша ұсыныстар береді.

«Бұл платформаны әзірлеуге біз 2016 жылдан бастап сегіз жылдан астам уақыт жұмсадық. Осы уақыт ішінде біз 4 авторлық құқық алуға қол жеткіздік және тауар белгісін тіркедік, сондай-ақ платформаның архитектурасын толығымен қайта жасап, оған жасанды интеллект енгіздік. 2024 жылдың шілде айында оны өнеркәсіптік пайдалануға сәтті іске қостық, және оны белсенді қолданатын клиникалар мен ауруханаларда нәтижелерді көріп отырмыз. Платформаның нәтижелерінің дәлдігі орта есеппен 98,7%-ға жетеді. Бұл тәжірибеде де, ғылыми тұрғыдан да дәлелденген», – деді ImmuniGuide стартапының тең құрылтайшысы, медицина ғылымдарының докторы, онколог дәрігер Нұрлыбек Үдербаев.

Жобаның басты артықшылығы – жүйенің негізінде жатқан жасанды интеллект, ол медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен және дәлдікпен өңдеп, кез келген тілде егжей-тегжейлі жеке есептер ұсына алады.

Қазақстандық әзірлеме денсаулық сақтауды жақсартуға үлкен әлеует көрсетіп отыр және халықаралық нарыққа шығуға дайын. Жоба шетелдік мемлекеттердің қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, платформаны Малайзияда пилоттық енгізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Болашақта технологияны кеңейту және Азия, Еуропа және АҚШ-қа трансфер жасау жоспарлануда.

TSARKA қолдауымен