Қазақстандық IT-компаниялар Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы аясында $355 034 сомасына 98 экспорттық келісімшарт жасасты

Astana Hub-та халықаралық өсуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге ұмтылған қазақстандық IT-компанияларды қолдауға бағытталған Global Outsourcer акселерациялық бағдарламасының екінші легінің қорытындылары шығарылды. Үш ай ішінде бағдарламаға қатысқан 15 компания АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, БАӘ, Австралия және басқа да 24 елден келген клиенттермен $355 034 сомасына 98 экспорттық келісімшарт жасасты.

Бағдарлама Upwork платформасында және басқа да халықаралық нарықтарда лидогенерация және сату дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысушылар 8 дәріс, 14 мастермайнд, 50-ден астам стратегиялық сессиядан тұратын қарқынды курстан өтті және трекерлер мен сарапшылардың жеке қолдауын алды. Бұл тәжірибе оларға халықаралық деңгейде клиенттерді іздеу және мәмілелер жасау әдістерін меңгеруге мүмкіндік берді.

«Екінші легтің жарқын мысалдарының бірі – DilyaSoft.pro компаниясы. Олар американдық клиентпен $1,200 сомасына келісімшарттан бастап, автокөлік брокерлеріне арналған CRM прототипін сәтті әзірлеу арқылы оны $500,000-ға дейін арттырды. Kurmashev Studio командасы төрт минут ішінде келісімшарт жасап, рекорд орнатты, ал Maxinum Consulting Google Apps Script автоматизациясы бойынша тар нишаны таңдап, $160,000 сомасына келісімге қол қойды. Бұл мысалдар қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық аренадағы сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді», – деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мақжан Мәдиев.

Еске салсақ, 2023 жылы Global Outsourcer бағдарламасының бірінші легіне қатысушылар АҚШ, Канада, Еуропа, Түркия және Австралия сияқты нарықтарда өз позицияларын нығайта отырып, 27 елдің клиенттерімен $158,000-нан астам сомасына 69 келісімшарт жасаған болатын.

Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы қазақстандық IT-компаниялардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін және олардың жаһандық аренада әрі қарай кеңеюге дайын екенін тағы да дәлелдеп, қол жеткізген табыстарды нығайтып, жаңа халықаралық келісімдерге негіз қалады.

TSARKA қолдауымен