Қазақстандық сериал Канндағы Netflix-тің Monsters жобасымен бір рейтингке енді
Онлайн-кинотеатр Unico Play ұсынған қазақстандық жастарға арналған “TWO” сериалының трейлері әлемдегі ең беделді кинорыноктардың бірі MIPCOM-да көрсетілді. Қазақстандық жоба әлемдік киноиндустрия көшбасшылары, оның ішінде Netflix, STUDIOCANAL және Beta Film өнімдерімен қатар Fresh TV секциясында таныстырылды. Бұл – қазақстандық кино тарихында осы секцияға таңдалған алғашқы жоба.
MIPCOM – Францияның Канн қаласында өтетін халықаралық көрме және контент рыногы. Fresh TV секциясы әсіресе беделді болып саналады. Оны халықаралық зерттеу компаниясы The Wit ұйымдастырады және бұл секция жаңа таланттар мен кино және медиа саласындағы тың идеяларды іздеуге арналған.
“TWO” сериалының сюжетінде мектептің жоғары сынып оқушысы Марго жігітін қайтару үшін жүкті екенін өтірік айтады, алайда көп ұзамай оның бұл алдау әрекетінің салдарымен бетпе-бет келуге мәжбүр болады.
Айта кетейік, бұл – Uni-Q Group медиахолдингіне кіретін онлайн-кинотеатр Unico Play-дің әлемдегі ең ірі кинорыноктардың біріне алғашқы қатысуы.