Қазақстандық стартап EdTech 300 000 доллар инвестиция тартты
Astana Hub ұйымдастырған Startup Garage бағдарламасының қатысушысы CYBERPACK.AI стартапы $2 млн бағалауымен pre-seed кезеңінде 300 000 доллар көлемінде ангел инвесторлардан инвестиция тартты. Инвестициялық раундқа Shell, Qatar Energy және Apache Corporation компанияларының топ-менеджерлері қатысып, жобаның техникалық бағыттағы сапалы білімді әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қолжетімді ету сынды жаһандық миссиясына қолдау білдірді.
CYBERPACK.AI — бұл цифрлық платформа мен физикалық STEAM-жинақтарды біріктіретін жүйе. Ол 7-18 жас аралығындағы оқушыларға ғылыми жобалар жасауға, түрлі жарыстарға дайындалуға және инженерлік ойлау мен XXI ғасыр дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бұл платформа оқушылардың ғылыми портфолиосын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, техникалық жоғары оқу орындарына түсу мен болашақтағы еңбек жолында маңызды рөл атқарады.
Стартап бір жылдың ішінде өз өнімін Қазақстан мен Әзербайжандағы 67 мектепке енгізді. Олардың қатарында Haileybury Astana, Harmony School, РФМШ (Орал), Prometheus, Farabi International School және басқа да білім беру ұйымдары бар. Сонымен қатар, CYBERPACK.AIхалықаралық ICRC жарыстарын ұйымдастырып, Астана, Павлодар, Семей, Маңғыстау және Петропавл қалаларындағы мемлекеттік мектептермен серіктестікті белсенді түрде кеңейтіп келеді.
Стартаптың дамуына үлкен серпін берген кезең — Startup Garage инкубациялық бағдарламасына қатысу болды. Осы бағдарлама аясында команда өз қызметін халықаралық нарыққа, оның ішінде Әзербайжанға дейін кеңейтіп, қосылған мектептер санын 10 есе арттырды. Жоба BI EdTech Challenge байқауының жеңімпазы атанып, Қазақстанның Цифрландыру министрлігімен бірге стратегиялық сессияда Мемлекет басшысына және Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасына таныстырылды.
Команданың айтуынша, тартылған инвестиция өндірісті кеңейтуге, мобильді қосымша мен AI-модульді дамытуға, сондай-ақ әзірлеушілер, инженерлер мен әдістемелік топты ұлғайтуға бағытталады. Сонымен қатар, Катар, Германия, Түркия және Мысыр сияқты жаңа халықаралық нарықтарға шығу жоспарда бар. Бұл ретте еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік мектептермен серіктестікті жалғастыру көзделіп отыр.