Қазақстандық стартап Стэнфордтағы StartX акселераторының қатысушысы атанды
Асылзат Исатай мен Жанибек Бокаев негізін қалаған AIDENTIS стартапы әлемнің түкпір-түкпірінен таңдалған санаулы компаниялардың қатарына еніп, Кремний аңғарының ең беделді акселераторларының бірі — StartX (Стэнфорд университеті жанындағы бағдарлама) қатарына қабылданды.
Бағдарламаға іріктеу бірнеше айға созылып, АҚШ-тың сарапшыларымен тікелей сұхбаттарды қамтыды. Олар медицина мамандарымен Калифорнияда өткен сұхбаттар арқылы жобаның тәжірибелік маңыздылығын, сондай-ақ Стэнфорд академиялық қауымдастығының өкілдерімен өткен техникалық және мәдени сұхбаттар барысында технологияның өзектілігі мен ерекшелігін бағалады. AIDENTIS командасы өзінің медицина мен жасанды интеллект түйіскен тұста әзірлеген бірегей технологиясының құндылығын сәтті дәлелдеді.
StartX Stanford — Стэнфорд түлектері мен профессорлары негізін қалаған коммерциялық емес акселератор. Бағдарлама қатысушыларға 1 миллион доллардан астам сомаға ресурстарға қол жеткізу, жетекші сарапшылардан менторлық, стратегиялық серіктестік және Кремний аңғарындағы инвесторлар желісіне тікелей шығу мүмкіндігін ұсынады. Акселераторға қатысу стартаптың инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырып, жаһандық нарықтарға шығу жолын ашады.
AIDENTIS командасына іріктеу кезеңдерінен өту барысында Jas Ventures Limited компаниясы, атап айтқанда Олжас Төлебаев, трекер әрі стратег ретінде қолдау көрсетті.
AIDENTIS жаһандық нарыққа шығумен қатар, ішкі нарықтағы позициясын да күшейтіп келеді. Жуырда компания Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен, нақтырақ айтқанда вице-министр Ербол Оспановпен, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат жасанды интеллект шешімдерін денсаулық сақтау мен білім беру саласына енгізу бойынша стратегиялық серіктестікті көздейді. AIDENTIS бағдарламасы қазірдің өзінде Қазақстанның медициналық университеттерінің стоматология факультеттерінің оқу жоспарына енгізілді — бұл еліміздегі медициналық білім беру жүйесіне интеграцияланған алғашқы ИИ-шешім. Жобаға студенттер мен оқытушылар белсенді тартылып, медицинадағы жаңа цифрлық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етуде.
Бұл қадам — Қазақстан Республикасы Президентінің денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы маңызды бастама.
Бұған дейін, 2024 жылғы желтоқсанда, AIDENTIS **қазақстандық бизнес-ангелдерден, оның ішінде кәсіпкер Елдар Төлеш басқаратын топтан, 3 миллион долларлық бағалау кезінде 200 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан болатын. Бұл қаражат емдеуші стоматологтарға арналған диагностикалық модульді дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге бағытталды.