Қазақстандықтар 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресейге кіргенде биометриялық деректер тапсырады

2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресейге кіретін Қазақстан азаматтары биометриялық деректерін, соның ішінде бет-әлпетінің суретін және саусақ іздерін тапсыруы міндетті болады. Бұл 2026 жылдың 30 маусымына дейін созылатын эксперименттік бағдарламаның бір бөлігі болады. Шекарадан өту пункттерінде қосымша процедураларға алдын ала дайын болу ұсынылады.

Эксперимент екі кезеңнен тұрады:

Бірінші кезеңде, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін, биометриялық деректер Мәскеудің халықаралық әуежайларында (Домодедово, Шереметьево, Внуково және Жуковский) және Орынбор облысындағы Маштаково автомобиль өткізу пунктінде жиналады.

Екінші кезеңде, 2025 жылдың 30 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін, эксперимент Ресей шекарасының барлық өткізу пункттерін қамтиды. Осы кезеңде әрбір кірген азамат үшін цифрлық профиль жасалады, оны RuID қосымшасы арқылы өздігінен толтыруға болады. Бұл қосымша басқа елдердің азаматтары үшін мемлекеттік қызметтер аналогы ретінде жұмыс істеп, Ресей аумағындағы бірқатар қызметтерге, оның ішінде медициналық сақтандыруды ресімдеуге мүмкіндік береді.

Эксперимент келесі тұлғаларға қолданылмайды:

● Ресейде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне және олардың отбасыларына;

● дипломатиялық және қызметтік паспорт иелеріне;

● 6 жасқа толмаған балаларға.

TSARKA қолдауымен