Қазақстандықтар HR Enbek порталында жұмыс берушілер туралы пікір қалдыра алады
HR Enbek порталында қызметкерлер мен жұмыс берушілерге өзара пікір алмасуға мүмкіндік беретін жаңа функция іске қосылды. 2025 жылы жұмыс іздеушілер компаниялар туралы пікірлермен таныса алады.
Енді қызметкерлер қазіргі немесе бұрынғы жұмыс берушілері туралы мәтіндік пікір мен бес жұлдызды бағалау қалдыра алады, ал компаниялар – өз қызметкерлері, соның ішінде бұрынғы қызметкерлері туралы пікір қалдыра алады. Барлық пікірлердің шынайылығын растау үшін олар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы бекітіледі.
Жүйенің негізгі функциялары:
• Пікірлер өзара әрекеттестікті бағалау мен тәжірибе сипаттамасын қамтиды.
• Қызметкер мен жұмыс беруші қалдырылған пікірге түсініктеме беріп, мәліметтерді нақтылай алады.
• Қызметкерлер туралы пікірлерге қол жеткізу тек олардың келісімі арқылы мүмкін болады. Келісімді SMS арқылы (1414 нөмірінен), порталдағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымша арқылы растау қажет.
Жұмыс берушілер туралы пікірлер Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz порталында жұмыс іздеушілерге 2025 жылы қолжетімді болады.
Бұл жаңа функция еңбек қатынастарындағы ашықтықты арттыруға, жұмыс іздеу мен қызметкерлерді таңдауды жеңілдетуге бағытталған.
Ақпараттың дұрыстығына жауапкершілік пайдаланушының өзіне жүктеледі. Жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.