Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтер алу үшін берген өтінімдерінің мәртебесін қосымша арқылы қадағалай алады

Мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрлендіру аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мобильді «ХҚКО» қосымшасына жаңа функция енгізді. Енді қызмет алушылар ХҚКО-да көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша өз өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде қадағалай алады.

Өтінімнің мәртебесін мобильді «ХҚКО» қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» және «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімдерінен көруге болады. Ақпарат алу үшін пайдаланушы өз өтінімінің нөмірін енгізуі қажет. Мұндай формат ашықтықты қамтамасыз етіп, азаматтарға қызмет көрсету барысы туралы мәліметті жеке ХҚКО-ға бармай-ақ уақытылы алуға мүмкіндік береді.

Жаңа функция пайдаланушылардың уақытын едәуір үнемдеп, мемлекеттік сервистерге деген сенімді арттырады, себебі азамат өз өтінімінің қай кезеңде тұрғанын және нәтижені қашан күтуге болатынын көре алады.

«Өтінімдердің мәртебесін қадағалау функциясын енгізу – мемлекеттік қызметтерді жаңғыртудың кезекті қадамы. Бұл қадам ашықтықты, қолжетімділікті және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Мұндай цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартып, Президент Жолдауында белгіленген цифрлық трансформация бағыттарына сәйкес келеді», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.

Бұдан бөлек, қосымшада электронды түбіртектерді көру және сақтау мүмкіндігі іске асырылған. Бұл түбіртектер өтінім беру және қызмет алу фактісін растайтын құжаттар болып табылады. Түбіртек автоматты түрде «Өтінімдер тарихы» бөлімінде сақталады, бұл оған кез келген уақытта жылдам әрі қауіпсіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.

TSARKA қолдауымен