Қазақстандықтар өз телефондарының верификация статусын IMEI арқылы тексере алады

Енді қазақстандықтар өз мобильді құрылғыларының верификация статусын eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы өз бетінше тексере алады. Жаңа сервис IMEI-кодтың тіркелген құрылғылардың бірыңғай дерекқорында (БДИК) бар-жоғын және белгілі бір құрылғыға тіркелген нөмірлердің санын анықтауға мүмкіндік береді.

IMEI (International Mobile Equipment Identity) — бұл ұялы байланыс қолдайтын әр мобильді құрылғыға берілетін бірегей нөмір. Ол өндіруші, модель және құрылғының құрастырылған жері туралы ақпаратты қамтиды және 15 цифрдан тұрады.

Сервис пайдаланушыларға құрылғының IMEI-кодын тексеруге мүмкіндік береді. Егер IMEI тіркелген құрылғылардың дерекқорында болса, жүйе қолданушыға оның желіде тіркелгені туралы хабарлайды. Егер нөмір дерекқорда болмаса, жүйе тексеру жүргізіп, келесі нәтижелердің бірін көрсетеді: IMEI сәтті верификацияланған және Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген немесе IMEI верификацияланбаған.

eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті пайдалану үшін:

● eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өту қажет;

● басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінен «Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисін таңдау керек;

● жеке деректерге қол жеткізуге рұқсат беру қажет;

● тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу керек.

www.gov.kz порталында қызметті пайдалану үшін:

● Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтына өту керек;

● «Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисіне апаратын баннер/сілтемеге өту қажет;

● тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижені көру керек.

imei.rfs.gov.kz порталында қызметті пайдалану үшін:

● rfs.gov.kz сайтына өту қажет;

● тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу қажет.

Сонымен қатар, пайдаланушылар үшін өз ЖСН-іне тіркелген мобильді нөмірлерді білуге мүмкіндік беретін ЖСН бойынша тексеру функциясы қолжетімді. Сондай-ақ, белгілі бір құрылғыны пайдаланатын абоненттік нөмірлердің санын көрсететін IMEI-код бойынша абонентті тексеру сервисі де бар.

TSARKA қолдауымен