KazHackStan халықаралық конференциясында Қазнеттің 30 жылдығына арналған панельдік сессиясы өтті

Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері және Қазақстанның жетекші бизнес-сарапшылары қатысты. Онда ұлттық интернет кеңістігінің негізгі жетістіктері мен алдағы міндеттері талқыланды.

Сессияның модераторы ретінде Фарид Нахли шықты. Ол Халықаралық электр байланысы одағының үйлестірушісі екенін айта кеткен жөн. Жиын барысында Қазнеттің өткені мен бүгінгі дамуы талқыланып, алдағы 10 жылға жоспарлар жасалды.

 Жиында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – инфрақұрылым болды. Киберқауіпсіздікті күшейту және цифрлық технологиялардың экономикалық тұрғыда дамуы талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстанның ақпараттық технологиялар саласындағы Орталық Азия аймағындағы басты ойыншы ретіндегі рөлін нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. «PS Интернет компаниясы» ЖШС бас директоры Никита Красулин Қазақстандағы киберқауіпсіздік туралы былай деді:

«Бұл салада мемлекеттік деңгейде бірнеше дұрыс қадамдар жасалды, оның ішінде SSL сертификатының болмауына қатысты мәселелер шешілді. Қазіргі уақытта мұндай сертификаттар қазақстандық домендердің барлығында дерлік бар. Бұл фишингтен және басқа қауіптерден қорғауды айтарлықтай арттыратын қауіпсіздік сертификаты. Сонымен қатар, KZ домендік аймағында DNSSEC жүйесі енгізілді, бұл да DNS жүйесінің қауіпсіздік деңгейін арттырады. Жақында ғана енгізілгенімен, іс жүзінде әлі аз қолданылып келе жатқанымен, барлық тіркеушілер осы бағытта қозғалып жатыр. Бір жарым жылдан кейін сайттардың көпшілігі бұл жүйеге көшеді деп ойлаймын. Бұл процесті аяқтамас бұрын біз кейбір техникалық аспектілерді шешуіміз керек. Егер Қазақстанды басқа елдермен салыстыратын болсақ, бізде хостинг және бұлт сияқты ІТ инфрақұрылымы саласында бірнеше мықты жергілікті ойыншы бар. Бұл маңызды, өйткені күшті жергілікті ойыншының қауіпсіздікке инвестиция салу үшін жеткілікті ресурстары бар. Қазақстандағы киберқауіпсіздік жағдайы сынға ұшырағанда, мен бұл пікірмен келіспеймін. Барлығы салыстыру арқылы үйренеді, кейбір елдерде жағдай жақсырақ болуы мүмкін, бірақ Қазақстан лайықты орташа деңгейде», - деді Никита Красулин.

KazHackStan 2024 конференциясы цифрлық трансформация мен қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді жыл сайын талқылайды. Олар бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырмақ.

TSARKA қолдауымен