Қазпошта Temu және Pinduoduo компанияларымен Қазақстанда тіркелу мәселесін талқылап жатыр

Қытайлық маркетплейстер Temu және Pinduoduo әлі Қазақстанда тіркелмеген, бірақ олардың елде ресми түрде жұмыс істеуі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді.

Төребаевтың айтуынша, келіссөздердің басты мақсаты – компанияларды Қазақстан заңдарын, соның ішінде салық төлеу және сатылатын тауарлардың сапасына жауапкершілік алу міндеттерін орындауға мәжбүрлеу.

“Мәжілісте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қаралып жатыр. Енді компаниялар өз өнімдері үшін жауап береді. Бұған дейін олар өндірушілерге сілтеме жасайтын, және әрбір өндірушімен жеке жұмыс істеуге тура келетін. Енді біз оларды Қазақстанда тіркелуге мәжбүрлейміз,” – деді вице-министр.

Бұл уақытта агрессивті жарнамасымен және баға демпингімен танымал Temu Қазақстанда ресми тіркеудің болмауына байланысты салық төлемейді. Бұл жергілікті маркетплейстер мен бизнес үшін тең емес жағдайлар туғызуда. Ұқсас мәселелер Еуроодақта да белсенді талқыланып жатыр.

«Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова компанияның халықаралық және отандық маркетплейстермен ынтымақтастық орната отырып, ірі логистикалық оператор стратегиясын дамытып жатқанын атап өтті.

“Биылдан бастап біз ТМД елдеріне транзиттік тасымалдар қызметін көрсете бастадық. Мысалы, AliExpress, Alibaba – олармен тоғыз елге транзит бойынша тікелей келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта біз күніне 500 мың сәлемдемені тасымалдауға дайынбыз,” – деді спикер.

TSARKA қолдауымен