Қостанайда Samsung Innovation Campus тегін бағдарламалау мектебі ашылды
Samsung Electronics компаниясы Қостанайда тегін бағдарламалау курстарын іске қосты. Бұл бастама Samsung Innovation Campus білім беру жобасы аясында жүзеге асырылып, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Smart орталығында арнайы IT кампус ашылды.
Кампус қабырғасында 13 пен 25 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер Python бағдарламалау тілінің негіздері мен Big Data технологияларын меңгере алады. Жоғары білікті оқытушылардың көмегімен оқуға барлық қажетті инфрақұрылым қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, университет студенттері де IT кампустың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қосымша сабақтар өтеді.
Samsung Innovation Campus бағдарламасы аймақтағы IT саласын дамытуға бағытталған. Қостанайдағы жобаны облыстық әкімдіктің ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы қолдады. Оқу курсы 4,5 айға созылады, ал түлектер Samsung Electronics компаниясының сертификаттарымен марапатталады, ерекше көзге түскендерге смартфондар сыйға беріледі.
Samsung Innovation Campus бағдарламасы әлем бойынша 100 мыңға жуық студентті оқытқан. Жоба қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше қалаларында, соның ішінде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанай, Талдықорған және Атырауда жүзеге асырылуда.
Толық ақпаратты samsung-campus.kz сайтынан білуге болады.