ҚР ЦДИАӨМ: жыл соңына дейін жеке деректерді өңдеуге келісімді қайтарып алу функциясы енгізіледі

Қазақстандықтар «Электрондық үкімет» порталын қолдану кезінде «қандай да бір ұйым сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізді» деген хабарламаларды ала бастағанын байқады. Бұл – жеке деректерге қол жеткізуді бақылау бойынша мемлекеттік сервистің жұмысының нәтижесі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов мәлімдеді.

«Ай сайын шамамен 26 миллион сұраныс өңделеді. Жүйе толықтай отандық шешім негізінде жасалған. Әлемдік криптовалюталарда қолданылатын блокчейн-платформа пайдаланылады. Бұл сенімді жүйе және оған қандай да бір өзгертулер енгізуге мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті спикер.

Руслан Абдикаликов сонымен қатар жыл соңына дейін азаматтардың жеке деректерін өңдеуден бас тарту функциясын қосымша іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, жеке деректерді мәліметтер базасынан толығымен жою функциясы қарастырылмақ.

Сарапшы сонымен бірге банктік қосымшалардан, сондай-ақ «Электрондық үкімет» 1414 порталы арқылы келген кодтарды үшінші тұлғаларға бермеуді, алаяқтардың құрбаны болмау және жеке деректерді сақтау үшін сырттан келген сілтемелерге өтпеуді, қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпауды ұсынды.

TSARKA қолдауымен