“Малай” отбасылық комедиясының трейлері шықты

Unico компаниясы мен “Қазақфильм”киностудиясы бірігіп, отбасылық комедия жанрындағы “Малай” фильмінің трейлерін ұсынды. Бұл туынды кассалық “Холоп” франшизасының ресми адаптациясы болып табылады. Бұған дейін бұл оқиғаға негізделген фильмдер Түркия, Франция және Моңғолиядашыққан. Енді қазақстандық көрермендерді мажордың қазақ тіліндегі әсерлі тәрбиелену хикаясы күтіп тұр.

Трейлердің басты кейіпкері – байдың мұрагері Чина (Жеңіс Омаров). Жас жігіт сән-салтанатқа әбден бой үйретіп, өзіне бәрі рұқсат деп ойлайды. Алайда, оның әкесі-олигарх (Жандарбек Садырбаев) ұлын сабасына түсіруді ойлап, ерекше шараға барады. Елден ерекше психологпен (Дулыға Ақмолда) бірігіп, олар XIX ғасырдағы қазақ ауылының өмірін қайта жасайды және Чинаны сол ортаға жібереді. “Байдың баласы адам бола ма?” – сұрағына жауап трейлерде ізделеді.

“Әлемдік кинода сәтті туындыларды негізге алып, олардың адаптациясын ұсыну – кең таралған әрі танымал әдіс. Біз де осы бағытты қолданып, өзімізге үлкен талап қойдық. Қазақстан қоғамында мажорлардың тақырыбы өте өзекті, сол себепті “Холоп” франшизасы бізге сәйкес келді. Бізге қазақ менталитетін, құндылықтары мен әзілін ескере отырып, бейімдеу өте маңызды болды. Сонымен қатар, “Малай” – толықтай қазақ тілінде түсірілген фильм”, – деп атап өтті Unico компаниясының бас продюсері Анара Жунусова.

Трейлерден-ақ Чинаның оңай жағдайға тап болмайтынын анық түсіңесіздер. Фильм авторларының айтуынша: “Көп құтырған бір жылайды”. Сәнді өмірге үйренген Чина енді ауыр жұмыстармен айналысады және тәртіпсіздік танытса, қамшымен жазаланады. Айта кетерлігі, бұл фильмде басты рөлді Жека Fatbelly (Жеңіс Омаров) алғаш рет сомдауда.

“Менің кейіпкерім неше түрлі қиындықты бастан өткерді. Физикалық жағынан өте ауыр болды, бірақ қызықты сәттер де аз емес еді. Әсіресе, атпен жүру және шабу кездері қиынға соқты. Қазір сол түсірілім күндерін сағынышпен еске аламын, демек, бәрі жақсы өтті”, – деді Жеңіс Омаров (Чина).

Шығарушылардың айтуынша, “Малай” – отбасымен бірге көруге арналған жылы әрі көңілді фильм.

“Қазақстанда балалар мен ересектерге бірдей қызықты болатын фильмдер көп емес. Сондықтан “Малай” жобасында жұмыс істеу маған қызық болды. Чинаның оқиғасы мен оның өткен ғасыр ауылындағы қызықтары кішкентай көрермендерді күлдірсе, үлкендер үшін байдың баласын тәрбиелеу тақырыбы ой салуы мүмкін”, – деді фильм режиссері Ернар Нұрғалиев

Фильмге Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахмет, Жандарбек Садырбаев, Ермек Шынболатов, Аида Құрманғалиева (Мона), Сабина Мовлаева, Хамит Ердехан сынды танымал тұлғалар қатысқан. Айта кетсек, олардың көпшілігі көрерменге бұрын-соңды болмаған ерекше бейнеде ұсынылады.

Премьера 2025 жылдың 13 наурыз күніне жоспарланған. Барлық өзекті ақпарат @malay_film парақшасында жарияланады.

TSARKA қолдауымен