AI Olymp: Жасанды интеллект бойынша бірінші республикалық олимпиаданың қорытындылары
Astana IT University қабырғасында 9–12 сынып оқушылары арасында өткен жасанды интеллект бойынша алғашқы Республикалық олимпиаданың финалы – AI Olymp өтті. Олимпиаданың қатысушылары алдын ала кезеңнен сәтті өткен еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 40 үздік мектеп оқушысы болды.
Олимпиада Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы мен DSML.KZ деректерді талдау және машиналық оқыту мамандары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өткізілді. Бас серіктес ретінде Орталық Азиядағы ең ірі технопарк – Astana Hub қолдау көрсетті. Astana Hub жасанды интеллект саласын ілгерілету және Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда белсенді рөл атқаруда.
AI Olymp – елімізде мектеп оқушылары арасында жасанды интеллект технологияларына деген қызығушылықты дамытуға бағытталған алғашқы ірі ауқымды шара болды. Олимпиаданың өткізілуі мемлекеттік құрылымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі болып табылады.
Олимпиада екі күнге созылды және бес сағаттық екі жарыс турынан тұрды. Жарыстардан бөлек, қатысушылар ИИ саласының мамандарынан дәрістер тыңдап, Қазақстандағы бұл саланың даму жоспарларымен танысты.
Оқушыларды ынталандыру мақсатында қатысушылардың 50%-ы медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мұндай тәжірибе жастардың ИИ мен бағдарламалауға деген қызығушылығын қолдауға бағытталған.
Финал қорытындысы бойынша ең үздік 12 қатысушы оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Бұл жиындардан кейін 2025 жылдың тамыз айында Бейжің қаласында өтетін Жасанды интеллект бойынша Халықаралық олимпиадаға (IOAI) қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасы жасақталады.
Жабылу рәсіміне Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Федерация президенті Бағдат Мусин қатысты. Олар жас ИИ-мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық деңгейде лайықты түрде таныстырылатынына сенім білдірді.