Oracle компаниясы Қазақстанға ұлттық жасанды интеллект және бұлттық шешімдер инфрақұрылымын дамытуға көмектеседі

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Oracle компаниясы жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу және бұлттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі АҚШ пен Орталық Азия елдерінің өкілдерін біріктіріп, аймақтық өзара іс-қимылды кеңейту мен экономикалық және технологиялық дамуды қолдауға арналған «C5+1» бизнес-конференциясы аясында Вашингтонда өтті.

Меморандумға сәйкес тараптар Oracle шешімдерін Қазақстанда пилоттық ЖИ-инфрақұрылым ретінде енгізу мүмкіндігін бағалау, тиісті тестілеулер жүргізу, бұлттық деректер орталықтарын кезең-кезеңімен дамыту әлеуетін зерттеу, сондай-ақ қолданбалы жасанды интеллект бойынша пилоттық жобаларды іске асыру бағытында ынтымақтасуға ниетті.

Сондай-ақ ынтымақтастық шеңберінде Oracle компаниясының кадрлық әлеуетті дамыту бағдарламаларына консультациялық қолдау көрсетуі көзделген. Бұған арнайы оқыту мен сертификаттау, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары, және Қазақстанда Oracle құзыреттер орталығын құру кіреді.

Тараптар сонымен қатар жасанды интеллектті дамыту саласындағы реттеу және этикалық аспектілер бойынша диалогты жалғастыруды жоспарлап отыр.

Жаслан Мадиев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

«Oracle компаниясымен ынтымақтастық жасанды интеллекттің ұлттық инфрақұрылымын және Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамытуға ықпал етеді. Бұл біздің технологиялық инновацияларды ілгерілету және елдің цифрлық экономикасы үшін берік негіз қалыптастыруға деген ұмтылысымызды көрсетеді».

Эллисон О’Брайен, Oracle компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі атқарушы директоры:

«Oracle Қазақстанның жасанды интеллект бойынша ұлттық стратегиясын жүзеге асыру ісін қолдауға дайын. Біздің технологиялар мен тәжірибеміз елдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге және экономиканың түрлі секторларында инновацияларды дамытуға көмектеседі».

TSARKA қолдауымен