Proptech-стартап ApartX жалға берушілер үшін платформалық жұмыспен қамту механизмін енгізді

Astana Hub қатысушысы – proptech-стартап ApartX тұрғын үйін жалға беретін азаматтар үшін платформалық жұмыспен қамту тетігін енгізді. Енді пәтерін стартаптың сервисі арқылы жалға беретіндер қызметін бірнеше қадаммен ресми тіркеп, бухгалтерге жүгінбей, декларация тапсырмай-ақ жүргізе алады.

ApartX ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми цифрлық платформалар тізіліміне енгізілген. Бұл компанияға платформалық жұмыспен қамту аясында қызмет көрсететін пайдаланушылар үшін салық есептілігін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте әрбір қолданушымен жеке шарт жасалмайды, барлық жұмыс платформа арқылы қашықтан жүзеге асады.

Жүйе интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін немесе жұмыс істейтін азаматтар үшін (платформалық жұмыспен қамту) салық есептілігін автоматты түрде тапсырады. Ол үшін пайдаланушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы салық режимін таңдауы тиіс. Салық мөлшерлемесі – 1%, бұл e-Salyq Business-те белгіленген сомамен тең. Қосымшада тіркелген соң, пайдаланушы ай сайынғы табысын көрсетеді, ал жүйе салық пен онымен байланысты төлемдерді (зейнетақы жарналары, ӘМСҚ және т.б.) есептеп, оларды тікелей сервис арқылы төлеуді ұсынады.

«Платформалық жұмыспен қамту – табысты заңдастырудың ашық әрі тиімді тәсілі. Біздің шешім пәтерін ресми түрде жалға бергісі келетін, бірақ салық заңнамасының күрделі тұстарына терең бойлағысы келмейтін азаматтарға ыңғайлы. ApartX жүйесінде барлық процесс автоматтандырылған, бұл тіркеуден бастап салық пен төлемдерді төлеуге дейінгі әрекеттерді қамтиды. Бұл қызметіміз үшін салық сомасының 3%-ын құрайтын комиссия аламыз, яғни жалпы табыстың 1%-ынан ғана ұсталады. Осылайша, біз нарықтағы ең қолжетімді сервистердің біріне айналдық. Платформа арқылы жүргізілетін ай сайынғы есептілік декларация тапсырғанмен тең, сондықтан пайдаланушылардан қосымша есеп талап етілмейді», – деді Қанат Келдібеков, ApartX негізін қалаушы.

ApartX – жалға берілетін пәтер қызметін толық автоматтандыратын жаңа буындағы proptech-платформа. Жүйе қызметіне жасанды интеллект енгізілген. Ол жалға берушінің орнын басады: тұтынушылармен байланыс орнатады, цифрлық шарттар жасайды, төлемдерді қадағалайды, үйге контактісіз кіруді қамтамасыз етеді және тараптардың мүддесін қорғайды. Бронь жасаудан бастап үйді босатуға дейінгі барлық процесс оңтайландырылған және адам қатысуынсыз жүзеге асады.

Бүгінде платформада 150 000 пайдаланушы тіркелген. Ол осы уақытқа дейін Қазақстан, Өзбекстан, Катар, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі 6200 пәтер бойынша 500 000-нан астам жалға беру операциясын жүзеге асырды.


TSARKA қолдауымен