SKAI атты жасанды интеллект алғаш рет «Самрук-Қазына» директорлар кеңесінің отырысына қатыстырылды

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Отырысқа алғаш рет дауыс беру құқығына ие тәуелсіз цифрлық мүшесі – жасанды интеллект негізіндегі SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) қатысты. Бұл нейрожелі қазақстандық Alem LLM тілдік моделі негізінде жасалып, бұған дейін 2025 жылғы Digital Bridge халықаралық форумында Мемлекет басшысына таныстырылған болатын.

Отырыстың күн тәртібінде Қордың биылғы 9 айдағы қызметінің нәтижелері қаралды. Сондай-ақ Президенттің ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына назар аударылды.

Жамбыл облысында жел энергетикасына арналған компоненттер шығаратын зауыт іске қосылды. Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясы пайдалануға берілді.

Қосшы қаласын газдандырудың алғашқы іске қосу кешені де жұмысын бастады. Ұзындығы 409 шақырым жаңа инфрақұрылым сағатына 32,8 мың текше метр газ тасымалдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Достық–Мойынты учаскесінде теміржолдың екінші жолдары ашылып, бұл теміржол желісінің өткізу қабілетін арттырып, жүк тасымалының жылдамдығын арттыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға жол ашты.

Жалпы ұзындығы 302 км болатын жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылды. Қор энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы ауқымды бастамаларды іске асыруды жалғастыруда.

Директорлар кеңесінің мүшелері жобаларды іске асыру тиімділігіне қатысты бірқатар сұрақтар көтерді. Қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қордың қаржылық көрсеткіштерінде тұрақты оң динамика байқалатынын, өндірістік нәтижелердің жоспарлы деңгейге сай екенін атап өтті. Мониторинг деректеріне сәйкес, Қор тобының ірі инвестициялық жобалары бойынша қаражат игеру деңгейі 99% құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов директорлар кеңесінің мүшелерінің назарын Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі бұрын берілген тапсырмаларының орындалуына аударды.

Цифрлық директорлар кеңесінің мүшесі SKAI хабарлағандай, Қордың отандық өндірушілерге көрсеткен қолдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75% артқан. Отандық өндірушілерден сатып алынған тауарлардың жалпы көлемі 721 млрд теңгені құрады. Барлығы 497 отандық өндірушімен 7 227 келісімшарт жасалды (2024 жылдың 9 айында – 411 млрд теңге, 516 өндірушімен 414 келісімшарт). SKAI бағалауынша, биылғы жылға жоспарланған сатып алу көлемі отандық Wabtec компаниясынан локомотивтер сатып алу келісімінің есебінен айтарлықтай асыра орындалады.

Отырыста сондай-ақ «Таза Қазақстан» президенттік бастамасының жүзеге асырылу барысы тыңдалды. Бұл аясында «Самұрық-Қазына» тобының қызметкерлері шамамен 1 миллион ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, инклюзия, спорт және медицина салаларындағы әлеуметтік жобалар таныстырылды. Қазіргі таңда 87 нысан базасында (спорт кешендері, оңалту орталықтары, инклюзия кабинеттері) 700 мыңнан астам адам әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Жыл соңына дейін Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңа спорттық нысандар ашу жоспарланып отыр.

Отырыстың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы пайдалануға беруді және отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру қажеттігі атап өтілді.

TSARKA қолдауымен