Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынын бақылауға арналған дрондар жүйесі іске қосылады
Мемлекет басшысының цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынын бақылау үшін бірыңғай дрондар жүйесі қолданыла бастайды.
Бұған дейін Digital Almaty форумында таныстырылып, Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолданылып жүрген жүйе енді су тасқыны қаупін бағалау міндеттерін орындайды.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Дрондар күніне үш рет алдын ала бекітілген маршруттар бойынша ұшып, келесі міндеттерді атқарады:
• Өзендердің мұз қабатын бақылау
• Қар қорын бағалау
• Судың жайылуын және қардың еру динамикасын анықтау
Жинақталған мәліметтер Жедел басқару орталығына жіберіліп, уақытылы әрекет етуге және су тасқынының ықтимал салдарын болдырмауға көмектеседі.
«Қазақтелеком» қандай рөл атқарады?
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аблайхан Оспановтың айтуынша, бұл жоба Қазақстан аумағында әзірленіп жатқан бірыңғай дрон инфрақұрылымы жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
«Алдағы уақытта шамамен 100 дронды іске қосу жоспарланып отыр. Пилоттық режимде олар әртүрлі қалаларда әртүрлі мақсатта қолданылады:
• Ағымдағы жағдайды бақылау
• ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) мониторингі
• Құқық қорғау саласында
• Су тасқыны және орман өрті кезінде
Солтүстік Қазақстан облысында дрондарды ұшыруға арналған 6 бақылау нүктесі анықталды. Қанша дрон пайдаланылатыны ауа райы мен жағдайға байланысты анықталады», – деп түсіндірді Аблайхан Оспанов.
Жоба кеңейтіле ме?
Бұл жаңашылдық төтенше жағдайларға жедел ден қою тиімділігін арттыруға және су тасқыны қаупін болдырмауға бағытталған. Алдағы уақытта тәжірибе еліміздің су тасқыны қаупі бар басқа өңірлерінде де қолданылмақ.