«СТОП-кредит» eGov-та: 1,4 млн-нан астам қазақстандық несие рәсімдеуді бұғаттады
2023 жылдан бастап елде дербес деректерді қорғау шаралары күшейтілді. Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек мәлімдегендей, қазіргі уақытта 50 жеке киберқауіпсіздік орталығы жұмыс істеп тұр, ал BugBounty платформасы әлемнің түкпір-түкпірінен 2400 сарапшыны тартты. Олардың жұмысының нәтижесінде электронды үкімет нысандарын қоса алғанда, 3000-нан астам осалдық анықталды.
Күн сайын eGov арқылы дербес деректерге қол жеткізуді бақылау жүйесі 1 млн-нан астам сұранысты өңдейді. Қазіргі уақытта 195 ақпараттық жүйе біріктірілген.
“СТОП-кредит” функциясы:
• Азаматтарға өз атына несие рәсімдеуді өз еркімен бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұл опцияны қазірдің өзінде 1,4 млн қазақстандық пайдаланған. Қажет болған жағдайда, функцияны несие алу үшін қайта қосуға болады.
Деректердің таралуы үшін жауапкершілікті күшейту:
• Деректердің таралуына салынатын айыппұл көлемі 3 есеге ұлғайтылды (1000 АЕК-ке дейін).
• 1 млн-нан астам азаматтың дербес деректерімен жұмыс істейтін компаниялар үшін міндетті киберсақтандыру енгізілді.
Премьер-министрдің тапсырмасы:
Олжас Бектенов интернет-алаяқтықпен күресте халықаралық тәжірибені қолдануды және азаматтарды киберқылмыскерлерден қорғау шараларын күшейтуді тапсырды.