Талапкерлер eGov.kz порталы арқылы колледжге түсуге өтініш бере алады
eGov.kz порталында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау науқаны басталды. Биыл бұл қызмет айтарлықтай жаңартылып, талапкерлер үшін әлдеқайда ыңғайлы болды. Өтініш беру жүйесіне жаңа функциялар мен сүзгілер қосылып, оқу орнын жылдам таңдауға, қателіктерді болдырмауға және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Енді өтініш беру кезінде талапкер жатақхана немесе тегін тамақтану қажеттілігін бірден көрсете алады. Әскери қызметті шақыру бойынша толық өтеген азаматтар санатына жататындар растайтын құжатты тіркей алады.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – оқу орнын таңдау кезінде сүзгілеу механизмінің енгізілуі. Жүйе талапкер таңдаған параметрлерге сәйкес колледждердің тізімін автоматты түрде қалыптастырады: оқу аймағы, оқыту тілі, бағыт және мамандық бойынша. Оқыту тілі көрсетілгеннен кейін жүйеде тек сол тілде оқыту қарастырылған оқу орындары ғана көрсетіледі. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасына қатысатын өңірлердегі ауыл мектептерінің түлектері үшін жеке сүзгі іске асырылған.
Әр талапкер өтінішті бір рет қана бере алады, бұл ретте төрт түрлі колледжге дейін, төрт мамандық таңдау мүмкіндігі бар. Құжаттардың жалпы көлемі 5 мегабайттан аспауы тиіс.
Өтініш беру үшін талапкерге:
− eGov.kz порталында авторизациядан өту қажет;
− «Білім» бөлімінен «Колледждер» санатын таңдау керек;
− «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» қызметін таңдау қажет;
− барлық қажетті жолдарды толтырып, құжаттарды жүктеу керек;
− қызметті қолжетімді әдістердің бірімен растау қажет;
− қызмет нәтижесі пайдаланушының Жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.
Қызмет көрсету мерзімі – 3-5 жұмыс күніне дейін. Құжаттарды қабылдау кезең-кезеңімен жүргізіледі және оқу түрі мен білім беру бағдарламасына байланысты. Қабылдау шарттары, құжаттарды тапсыру мерзімдері мен талаптардың толық тізімімен eGov.kz порталындақызметтің паспортында танысуға болады.
Қызметті жетілдіру Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ұлттық зерттеулер және білім беру сапасын бағалау орталығының бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.