Tech Orda 2025: жеке IT-мектептерден бағдарламаға қатысу үшін өтінім қабылдау ашылды
Astana Hub жеке IT-мектептерден Tech Orda бағдарламасына қатысу үшін өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Бұл бастама IT-білім беруді дамытуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.
Өтінімдер 2025 жылғы 29 мамырға дейін astanahub.com платформасында қабылданады.
Tech Orda бағдарламасы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында студенттердің оқу ақысын ішінара немесе толық өтеу қарастырылған, әрбір студентке 500 мың теңгеге дейін бөлінеді.
IT-мектептерді іріктеу және ваучерлерді (гранттарды) бөлу үш кезеңнен тұрады. Алдымен жеке IT-мектептерді аккредиттеу жүргізіледі, оны сала өкілдері қатысатын тәуелсіз комиссия жүзеге асырады. Кейін арнайы алгоритм арқылы әр курсқа бөлінетін ваучер саны анықталады. Мұнда түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіштері ескеріліп, өңірлік мектептерге басымдық беріледі. Сондай-ақ биыл алғаш рет жасанды интеллект, продакт-менеджмент және Agile сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша квоталарды үлестіруді көздейтін қосымша түзету коэффициенті енгізілді. Ал соңғы кезеңде мектептер ваучер алған студенттерді тегін оқуға қабылдау бойынша іріктеу жүргізеді. IT дағдыларын меңгергісі келетіндер үшін байқау шілде айында жарияланады.
2024 жылы бағдарламаға 75 IT-мектеп қатысып, 178 оқу курсын ұсынды. Былтыр қазақстандықтардан 35 000-нан астам өтінім түсіп, бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бергі рекордтық көрсеткіш болды. Мектептердің 40%-дан астамы және студенттердің 46%-ы өңірлерден шыққанын ескерсек, бастаманың IT-білім беруді дамытуға қосқан үлесі айқын көрінеді.
Бағдарламаның еңбек нарығындағы маңызын түлектердің жетістіктері айшықтап тұр. Бүгінде түлектердің 88%-ы жұмысқа орналасса, орташа жалақысы шамамен 500 000 теңгені құрайды. Олар Kaspi.kz, Halyk Bank, KPMG, Ernst & Young, Freedom Finance, Теңізшевройл, ҚазМұнайГаз, Air Astana және басқа да Қазақстанның жетекші компанияларында қызмет етеді.
Tech Orda бағдарламасы және өтінім беру тәртібі туралы толығырақ ақпаратты мына сілтеме немесе 1818 нөміріне хабарласу арқылы алуға болады.