Tele2/Altel операторы өздерінің жасанды интеллект шешімдерін дамыту үшін ұлттық суперкомпьютердің қуатын пайдаланатын болады

Компания Tele2/Altel өздерінің жасанды интеллект шешімдерін дамыту үшін Alem.cloud суперкомпьютерлік кластерінің серверлік қуаттарын жалға алуды жоспарлап отыр. Жобаны іске қосу туралы келісім 2025 жылғы 2 қазанда Digital Bridge форумының аясында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) пен Tele2/Altel арасында жасалды.

Alem.cloud суперкомпьютерлік кластері Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректерді өңдеу орталығында орналасқан. Деректер орталығының техникалық сүйемелдеуін және суперкомпьютерлік кластер инфрақұрылымын дамытуды «ҰАТ» АҚ жүзеге асырады.

«ҰАТ» АҚ-ның техникалық және инженерлік құрамы ұлттық ЖИ кластерінің инфрақұрылымын қолдау және дамыту бағытында күн сайын жұмыс істейді. Мұндай жобаны іске қосу – қазақстандықтардың күнделікті өміріне озық технологияларды енгізудегі аса маңызды қадам екені сөзсіз. Біз бизнес пен стартаптармен ғана емес, ғылыми қауымдастықпен, білім беру ұйымдарымен де әріптестікке ашықпыз. Бұл жолдағы біздің мақсатымыз – ел экономикасы мен ғылымының негізгі салаларына цифрлық технологияларды одан әрі енгізуге қажетті барлық жағдайларды жасау», – деді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекманов.

Кластерді іске қосу осы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бұған дейінгі жоспарға сәйкес, суперкомпьютердің жоғары өнімді есептеулеріне нейрожелілік шешімдер әзірлейтін стартаптар, университеттер, ғылыми орталықтар, сондай-ақ мемлекеттік және жеке компаниялар қол жеткізе алады.

««ҰАТ» АҚ-мен стратегиялық өзара іс-қимыл туралы келісім бізге жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер саласындағы шешімдер үшін заманауи GPU-серверлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл әріптестік бізге әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткізуге жол ашады, соның арқасында ЖИ шешімдерін әзірлеу мен енгізуді жеделдетуге болады. Мысалы, сөйлеуді және бейнелерді өңдеу модельдері, ұсынымдық жүйелер, үлкен деректерді талдау, клиенттерге қызмет көрсетуді автоматтандыру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары өнімді есептеулер саласындағы құзыреттерді дамыту және ЖИ негізіндегі басқа да өнімдер», – деп атап өтті Tele2/Altel СЕО-сы Александр Бабичев.

TSARKA қолдауымен