Технологиялар, цифрлық валюталар, интеграция: WFC2025 форумында не талқыланды
Алматыда Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің дүниежүзілік форумы (WFC2025) өтті. Шараны Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) ұйымдастырды.
Бүгінгі таңда орталық депозитарийлер (ОД) тек активтерді сақтау, есеп айырысу және корпоративтік әрекеттер сынды дәстүрлі пост-трейдингтік қызметтерді атқарып қана қоймай, сонымен қатар аналитикалық қызметтер көрсетіп, цифрлық активтерді сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл операциялардың жылдам әрі үздіксіз орындалуы үшін ОД ең озық технологияларды енгізіп, реттеуші талаптарға сай болуы қажет. Дәл осы пост-трейдинг инфрақұрылымының болашағы екі күн бойы 50-ден астам елден келген қатысушылардың басты тақырыбына айналды.
«Орталық депозитарийлер жаңа дәуірге аяқ басты... Нарықтар T+1 есеп айырысу жүйесіне, тіпті нақты уақыттағы есеп айырысуға қарай беттеді. Ақша төлемдері жедел орындалып жатқан кезде, бағалы қағаздар бойынша есеп айырысудың жылдамдығына қойылатын талап та арта түсті», – деді Азия даму банкінің (ADB) қаржы секторы жөніндегі бас маманы Юдзи Ямашита.
Орталық депозитарийлердің жұмысы бір жағынан күрделі, екінші жағынан қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның негізгі мәні – активтердің қауіпсіз қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету. Сол себепті эмитенттен инвесторға дейінгі бүкіл жолда қауіпсіздікті сақтау үшін көптеген процестерді құру қажет, – деп түсіндірді Merkezi Kayıt Kuruluşu компаниясының бас директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі, AECSD төрағасы және жуырда WFC кеңесінің төрағасы болып тағайындалған доктор Экрем Арыкан «Жаһандық қаржы нарығының трансформациясындағы орталық депозитарийлер рөлінің эволюциясы» атты панельдік сессия барысында.
Clearstream компаниясының Қауіптер комитетінің төрағасы және Еуропалық орталық депозитарийлер қауымдастығының (ECSDA) төрағасы Марк Гем болса жаңа технологиялар мен цифрлық активтердің пайда болуымен басты міндет – активтер жүйесін қайта құру екенін атап өтті.
«Жаңа цифрлық активтер класын дәстүрлі активтермен үйлестіру мен өзара интеграциялау – оларды бөлек құбылыс ретінде қабылдаудан гөрі – жүйені анағұрлым тиімді әрі тұрақты ете алады. Бұл – қарсы қою емес, соңғы 50–60 жылда біз қалыптастырған саланы толықтыру», – деп баса айтты ол.
Капитал нарығы қазірдің өзінде процесс пен стандарттарға бағытталған модельден клиент пен деректерге негізделген модельге өтті, – деп атап өтті Халықаралық капитал нарығы қауымдастығының (ICMA) бас директоры Брайан Паско «Пост-трейд индустриясындағы әртараптандыру және жаңа бастамаларды дамыту» сессияда.
«Болашаққа көз салсақ, капитал нарықтары барған сайын ауқымды әрі күрделі бола береді. Нарықтар кеңейген сайын айналыстағы бағалы қағаздар саны өседі. Тек қарыз нарығының өзі қазіргі таңда 140 триллион АҚШ долларына тең», — деді ол.
Инфрақұрылым, соның ішінде орталық депозитарийлер, инвесторлар мен эмитенттерге нарыққа жеңіл әрі сенімді қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, шешуші рөл атқарады. Бұл тек жекелеген елдер үшін ғана емес, бүкіл әлемдік экономика үшін де тиімді. Сондықтан, Брайан Пасконың айтуынша, ICMA қызметінде бөлінген тізілім технологиясын (DLT), токендеуді, орталық банктердің цифрлық валюталарын және жасанды интеллектіні қолдану басты бағыттардың бірі болып отыр.
Қазақстан қор биржасы (KASE) да бөлінген тізілім технологиясын (DLT) және жасанды интеллектіні зерттеуде. Бұл туралы KASE басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов мәлімдеді. Оның айтуынша, KASE Ұлттық банкпен, реттеушілермен және Орталық депозитариймен бірлесе отырып, заңнаманы аяқтап, KYC-ден (клиентті білу) бастап есеп айырысуға дейінгі толық процесті қамтитын тиімділік пен клиентке құндылықты арттыруға бағытталған өтпелі жүйе әзірлеуде.
Криптовалюталар мен цифрлық қаржылар есеп айырысуда маңызды орын алады.
«Алдағы үш-бес жылда орталық депозитарийлер есеп айырысуларды орталық банктің цифрлық ақшасында, стейблкойндарда, өзге төлем жүйелері мен валюталарда жүргізуге мүдделі болады деп болжаймын», – деді Nasdaq вице-президенті Джерард Смит.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістерді жүзеге асыру үшін деректерге негізделген берік архитектура қажет.
Алайда, AMEDA президенті және Bahrain Clear компаниясының бас директоры Абдулла Джаффар Абдиннің айтуынша, орталық депозитарийлер тек технология ғана емес, ең алдымен сенімге негізделген институттар. Ол ОД-ның ІТ-инфрақұрылымын «берік әрі мызғымас қамалға ұқсас жүйелерге» теңеді.
«Бұл жүйелер нақтылық дәуіріне арналып салынған, алайда жоғары жылдамдықтағы пойыздар дәуіріне емес», – деді ол.
Сонымен бірге ол қазіргі экономиканың ең маңызды, бірақ көзге көрінбейтін іргетасын атап өтті: «Акция, облигация немесе кез келген бағалы қағазды сатып алған кезде біздің меншік құқымыздың расымен бар екеніне, сенімді түрде және бірден мойындалатынына деген сенім – экономика тірегінің өзі», – деді Абдин.
Технологиялардан бөлек, бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру, операциялық шығындарды азайту және есеп айырысу үдерістерін жеңілдету мәселесі де өзекті болып қала береді. Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық қызметтер қауымдастығының (ISSA) бас директоры Джулия МакКенни интеграцияның айқын артықшылықтарын атап өтті.
«Әр түрлі қаржы нарықтарының интеграциясы экономикалық өсімге серпін беріп, трансшекаралық инвестицияларды ұлғайтуға және қаржылық қызметтер мен ақпараттың еркін алмасуына мүмкіндік береді. Мұндай өзара әрекеттестік инновациялық қаржылық өнімдердің пайда болуына, жаңа бизнес-мүмкіндіктердің ашылуына және жаһандық капиталға қолжетімділіктің артуына жол ашады», – деді Джулия МакКенни «Нарықтарды біріктіру – жаһандық өзара байланыс пен интероперабельділікті арттыру» атты панельдік сессияда.
Дегенмен, оның айтуынша, бұл процесті қиындатуы мүмкін бірқатар мәселелер бар. Олардың қатарында реттеу жүйесіндегі айырмашылықтар, технологиялық сәйкессіздіктер мен құқықтық кедергілер аталды. Соған қарамастан, жаһандық деңгейде өзара байланысты қаржы нарығының әлеуетті пайдасы орасан зор.
Азия даму банкінің (АДБ) кеңесшісі Сатору Ямадэра «үйлесімділік – бұл қоғамдық игілік, алайда көптеген қоғамдық игіліктер сияқты, оны қамтамасыз ету оңай емес» екенін еске салды.
«Көпшілік барлық нарықтар үшін бірыңғай ережелер жинағы болады деп үміттенеді, бірақ шынайы үйлесімділікке қол жеткізу өте қиын – тіпті бірыңғай валюта қолданылатын Еуропаның капитал нарықтарында әртүрлі ережелер сақталуда. Біз үйлесімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек, ол үшін, ең алдымен, белгілі бір стандарттау қажет», – деп қосты ол.
Нарықтың маңызды мәселелерін талқылай келе, қатысушылар орталық депозитарийлердің жылдам дамуы қажеттігін, олар инновациялар мен сенім, қолжетімділік пен тұрақтылық, бәсекелестік пен тиімділік арасынан теңгерім таба білуі тиіс екенін атап өтті.
Форумды қорытындылай келе, KCSD басқарма төрағасы Едил Медеу орталық депозитарийлердің жұмысы тек жүйелер мен үдерістерден тұрмайтынын, сонымен қатар сенім, ынтымақтастық және бүкіл әлемдегі қаржы нарықтарының тұрақтылығы мен ілгерілеуін қолдаудағы ортақ жауапкершілік екенін айтты.
WFC2025 тек маңызды тақырыптарды талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар қазақстандық инвесторлардың шетелдік нарықтарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қою орнына айналды. Форум аясында KCSD Түркияның MKK ұйымымен өзара есепшот ашу туралы келісімге келді, сондай-ақ Әзірбайжанның NDC және Индонезияның KSEI, Қытайдың CSDC және Сауд Арабиясының Edaa орталық депозитарийлерімен меморандумдарға қол қойды.
Биыл Алматыда өткен WFC2025 форумы аясында 80 қаржы ұйымының сарапшылары бас қосты. Ұлыбритания, Бельгия, Испания, Сауд Арабиясы, Кувейт, Үндістан, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Канада және басқа да елдерден келген 250-ден астам қатысушы іс-шараға атсалысты. Форумның негізгі тақырыбы – «Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің эволюциясы: посттрейдингтік инфрақұрылымның қиындықтары, мүмкіндіктері және болашағы» болды. Келесі WFC2027 форумы Канадада өтеді.
Іс-шараға қолдау көрсеткендер:
· Clearstream халықаралық депозитарийі (Люксембург)
· Nasdaq жетекші жаһандық технологиялық компаниясы (АҚШ)
· Montran қаржылық технологиялар саласындағы көшбасшы (АҚШ)
· Thomas Murray жаһандық тәуекел сарапшысы (Ұлыбритания)
· CMA Small Systems капитал нарығына арналған инновациялық шешімдер (Швеция)
· Vermiculus Financial Technology - биржалар мен депозитарийлерге арналған технологиялар (Швеция)
· КАСС клирингтік орталығы (Қазақстан)
· Merkezi Kayıt Kuruluşu A.Ş. Түркияның бағалы қағаздар орталық депозитарийі (Түркия)
· Freedom broker биржалық брокері, инвестициялық компаниясы (Қазақстан)
· Romer Capital инвестициялық компаниясы (Кипр)