Тері обырын ерте анықтауға арналған қазақстандық жасанды интеллект стартапы хакатонда жеңіске жетті

Astana IT University командасы әзірлеген SkinX жобасы 2025 жылғы 28 сәуір мен 5 мамыр аралығында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында өткен республикалық студенттік kuickhack хакатонында бірінші орынды иеленді. Хакатонға Астана, Алматы, Павлодар, Тараз және өзге де қалалардан келген 13 қаланың 286 қатысушысы жиналды. Шараның жалпы жүлде қоры — 1 900 000 теңге.

SkinX жобасының басты мақсаты — тері қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтау. Стартап тері ауруларының ең алғашқы белгілерін анықтау үшін жасанды интеллект көмегімен тері суреттерін талдайды. Бұл — емдеудің ең тиімді кезеңінде ауруды тануға мүмкіндік береді.

SkinX нейрожүйесін мыңдаған нақты тері ауруларының фотосуреттері негізінде оқытқан, бұл жүйеге тіпті адам көзіне байқалмайтын ұсақ өзгерістерді де анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс диагноз қоюды жеделдетіп қана қоймай, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Хакатонда жеңіске жеткені үшін SkinX командасы 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.

Қазылар алқасының төрағасы және KuickTech компаниясының негізін қалаушы, Astana Hub резиденті Паул Кукитц былай деді:

«SkinX жобасы нақты медициналық мәселені шешуге бағытталған терең ойластырылған тәсілімен қазыларды таңғалдырды. Нақты деректер негізінде оқытылған нейрожелі тері обырын ерте анықтаудың дәлдігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бұл — адамдардың денсаулығына нақты әсер етіп, сәтті медициналық стартапқа айналуы мүмкін жобалардың бірі».

Kuickhack 2025 хакатонының жеңімпаздары:

● 1 орын — SkinX (тері ауруларын фотосурет арқылы диагностикалау) — 1 000 000 теңге (Astana IT University);

● 2 орын — ECHO (бейнежазба арқылы жол ережесі бұзушылықтарын анықтау) — 300 000 теңге (Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті);

● 3 орын — goodbalalar (жастарға арналған бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктеу) — 200 000 теңге (Ақпараттық технологиялар колледжі);

● Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері үшін арнайы «Білім беру» номинациясы тағайындалып, жүлде қоры 300 000 теңгені құрады.

Командалар түрлі салалар бойынша шешімдер әзірледі: ауруларды диагностикалаудан бастап, құқық саласын автоматтандыру, өнімділік болжамы мен қалалық көлікті басқаруға дейін. Көптеген жобалар іске қосуға дайын және нақты стартапқа айналуы мүмкін.

Жобалар бірнеше критерий бойынша бағаланды: жүзеге асыру сапасы, жасанды интеллект қолдану деңгейі, шешімнің тиімділігі, қоғамға пайдасы мен коммерциялық әлеуеті, сондай-ақ жоба презентациясы мен қорғалуы.

Kuickhack 2025 хакатоны Astana Hub резиденті — KuickTech IT-компаниясының қолдауымен өтті. Ұйымдастырушылар болашағы бар командаларды әрі қарай қолдап, елдегі IT қауымдастыққа арналған жаңа іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

TSARKA қолдауымен