Тоқаев мемлекеттік органдардың жұмысына жасанды интеллектті енгізу үдерісін жеделдетуді талап етті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектті дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дадебай, Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

ЖИ – стратегиялық басымдық

Президент әлемде жасанды интеллекттің қарқынды дамуымен байланысты елеулі технологиялық өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті.

«Бұл технология әлемдегі барлық елдердің дамуына тікелей әсер етеді, онсыз қазір жаһандық бәсекелестікке төтеп беру мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, озық технологиялар ұлттық тәуелсіздіктің кепіліне, экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналды. Біз жасанды интеллект саласында белгілі бір прогреске жеттік, бірақ босаңсуға болмайды. Бұл стратегиялық бағытта белсенді жұмыс істеуіміз қажет», – деді Тоқаев.

ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі 4,8 трлн АҚШ долларына жетуі мүмкін, ал оның технологиялық индустриядағы үлесі 7%-дан 29%-ға дейін өседі.

Халықаралық тәжірибе және тапсырмалардың орындалуындағы кешеуіл

Тоқаев АҚШ-тың America’s AI Action Plan стратегиясын және Қытайдың ЖИ саласында ынтымақтастық жөніндегі Ғаламдық ұйым құру бастамасын зерделеуді тапсырды, сондай-ақ Қазақстанның бұл жобаны қолдауы қажеттігін атап өтті.

«Бұған дейін мен бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені жедел құру туралы айтқан едім. Қажетті инфрақұрылымды дайындау, заңнамалық базаны және деректер жинау жүйесін әзірлеу, сондай-ақ жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмысты бастау жөнінде тапсырма бердім. Алайда бұл тапсырмалардың орындалу барысы қанағаттанарлықсыз», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік аппараттың жұмысын жеңілдету

Президенттің айтуынша, ЖИ мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін едәуір арттыруы тиіс:

«Қазақстанда қызметтердің айтарлықтай бөлігі әлі күнге дейін «цифрлық тіркеу» деңгейінде қалып отыр: құжаттар электронды түрде қабылданып, өңделеді, бірақ рәсімдердің өзіне мемлекеттік қызметшілердің қолмен араласуы қажет. Яғни, қағаз бюрократиясы нақты тиімділікті арттырмай-ақ цифрлық форматқа көшірілген. Біз жасанды интеллект арқылы толық қайта құруға болатын қызмет түрлерін нақты анықтауымыз керек. Осыдан босайтын ресурстарды басқа күрделі әрі пайдалы жұмысқа бағыттау қажет. Сондықтан Үкіметке үш ай ішінде мемлекеттік қызметтер саласына ЖИ енгізу бойынша нақты шараларды әзірлеуді тапсырамын».

Медицинада ЖИ қолдану

Тоқаев денсаулық сақтау саласына да жеке тоқталды:

«Қазақстанда да перспективалы медициналық стартаптар бар, бірақ олардың әлеуеті көбіне бюрократияға тап болады. Елдегі медициналық ақпараттық жүйелер фрагменттік дамып жатыр, бірыңғай алгоритм жоқ. Бұл жасанды интеллекттің медицинаға енуін тежейді. Денсаулық сақтаудағы цифрландырудың жүйесіздігі түрлі заң бұзушылықтарға әкеледі. Мысалы, өткен жылы жүргізілген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аудиті ірі қаржылық шығындарды анықтады. Цифрлық тәсілдер медициналық саланың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді».

Заңнамалық реттеу

Президент инновацияларды, қауіпсіздікті және азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды ескеретін, бірақ технологиялардың дамуын тежемейтін жасанды интеллект туралы заңды жедел әзірлеу қажеттігін мәлімдеді:

«Бұл тұрғыда озық халықаралық тәжірибеге сүйену орынды. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуы керек. Жалпы, жасанды интеллект туралы тиісті заң қабылдау – Үкімет ерекше мән беруі тиіс шұғыл міндет».

Инфрақұрылымды дамыту және QazTech платформасы

Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютерлік кластердің іске қосылғанын еске салып, оны пайдалану ережелерін әзірлеуді және ұлттық жобалар мен стартаптарға басымдық беруді тапсырды.

Сондай-ақ барлық цифрлық экожүйе, соның ішінде квазимемлекеттік сектор, бірыңғай егеменді QazTech платформасына көшірілетінін хабарлады. 2026 жылғы қаңтардан бастап осы платформадан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі.

Білім және кадрлар

Тоқаевтың пікірінше, ЖИ-ді сауатты пайдалану цифрлық трансформацияның міндетті элементіне айналуы тиіс. Ол AI-Sana оқыту бағдарламасын кеңейтуді, оқытушылар мен студенттердің даярлық деңгейін арттыруды ұсынды.

Стартаптарды қолдау және технология экспортын дамыту

Президент жаһандық ЖИ инвестицияларының өсуіне назар аударып, Қазақстанда таланттар мен капитал тартуға жағдай жасау қажет екенін атап өтті:

«Біздің кейбір стартаптарымыз “бірмүйізділерге” айнала алады. Мемлекет мұндай таланттарды қолдауға міндетті».

Үкіметке отандық ЖИ-жобаларды экспорттық қолдау шараларын әзірлеу және «цифрлық елшілер» институтын қайта іске қосу тапсырылды.

Қорытынды

«Цифрлық технологиялар саласында халықаралық байланыстарды нығайту маңызды. Сонда ғана Қазақстан Еуразияның цифрлық хабы ретінде мойындалады. Жасанды интеллектті дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл мәселе Қазақстанның болашағымен тікелей байланысты. Біздің еліміз озық әрі дамыған болуы тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бүгінгі кеңесте бірқатар маңызды міндеттер айқындалды. Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Бұл жұмысқа жеке сектор өкілдері де тартылуы керек, өйткені бұл – жалпыұлттық мақсат. Негізгі үйлестіруші орган ретінде Цифрлық даму министрлігі жалпы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі тиіс. Уақыт өте аз, қол қусырып отыруға болмайды. Жасанды интеллектке қатысты негізгі шешімдер мен ұсыныстар екі ай ішінде әзірленіп, маған ұсынылуы керек», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

TSARKA қолдауымен