Tomorrow School – жасанды интеллект бойынша тегін мектепке өтінімдер қабылдау ашылды
Astana Hub Қазақстандағы жасанды интеллект мектебі Tomorrow School-дың екінші легіне өтінімдер қабылдауды бастады. Өтінімдер 11 қарашаға дейін қабылданады. Алғашқы лекке 2880 өтінім түсіп, оның ішінде 120 адам іріктеліп, 4 апталық интенсивті оқытуға («бассейн») қабылданды. Бұл оқыту үздік студенттерді негізгі бағдарламаға іріктеуге мүмкіндік береді.
«Бассейнге» өткен қатысушылар бағдарламалау әлеміне тереңірек бойлап, өз мүмкіндіктерін бағалай алады. «Бассейн» аяқталғаннан кейін қатысушылардың үштен бірі ғана 18 айға созылатын негізгі оқу бағдарламасын жалғастырады. Оқу барысында студенттер 50-ден астам жоба жасап, Golang, Rust, JavaScript, Python сияқты 20-дан астам бағдарламалау тілін меңгереді.
Tomorrow School жасанды интеллект саласында білімін тереңдеткісі келетіндерге бірегей мүмкіндік ұсынады. Қатысушыларға бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибені қажет етпейтін, peer-to-peer жүйесіне негізделген 01 Edu платформасында білім алуға мүмкіндік беріледі. Оқыту Astana Hub технопаркінің кампусында жаңа iMac компьютерлерімен, икемді кесте бойынша 24/7 режимінде өтеді. Студенттер ЖИ-инженер, бағдарламалық жасақтама әзірлеуші, фулстек әзірлеуші және басқа да бағыттарды таңдай алады. Басқа қалалардан келген және «бассейнде» жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге негізгі оқыту кезінде Астанада тұру үшін жеңілдікті жағдай ұсынылады.
Толық ақпарат пен қатысуға өтінім беру Tomorrow School сайтында қолжетімді.