Туристерге арналған SuperApp: Алматыда қалалық сервистері біріктірілген бірыңғай мобильді қосымша әзірленуде
Алматыда жаңа буындағы барлық негізгі туристік және қалалық сервистерді біріктіретін бірыңғай мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жоба Алматыны заманауи мәдени-туристік орталыққа айналдыру жөніндегі Президент тапсырмаларын орындау және цифрландыру аясында жүзеге асырылуда.
«SuperApp – қала тұрғындары мен туристер үшін барлық қалалық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін негізгі цифрлық платформаға айналады», – деді Ерболат Досаев.
Қосымшадағы басым бағыттардың бірі – туристік модуль болмақ, ол келесі мүмкіндіктерді ұсынады:
● Мәдени және спорттық іс-шараларға билеттер сатып алу;
● Сандық форматтағы маршруттар мен көрікті жерлер бойынша бағыт жоспарлау;
● Алматы бойынша турлар мен экскурсияларға бронь жасау;
● Қаланың маңызды нысандары бойынша виртуалды (VR) серуендер жасау.
2025 жылдың 1 шілдесіне дейін 113 мәдени және спорт нысанын жүйеге интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл Алматы бойынша саяхатты ыңғайлы, қолжетімді және жекелендірілген етеді.