Түркістанда IT-парк салу жоспарланып отыр

Түркістанда жаңа IT-парк құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Күшеров жобаны жүзеге асыруға қызығушылық білдірген әлеуетті инвесторлармен кездесу өткізді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба өңір тарапынан жан-жақты қолдауға ие болады.

«Парк құрылысын егжей-тегжейлі талқылап, пысықтау қажет. Нақты келісімдерге қол жеткізілгеннен кейін, осы жобаны іске асырудың жол картасын әзірлеуді ұсынамын, бұл өз міндеттемелерімізді жүйелеуге мүмкіндік береді», — деді өңір басшысы.

IT-парк аумағында мынадай нысандар орналастырылмақ:

● электроника және компьютерлік техника саласындағы өндіріс кәсіпорындары;

● тұрмыстық техника мен электр құрылғыларын құрастыру және жөндеу орталықтары;

● оптикалық кабель шығару зауыты;

● электромобильдер мен зарядтау станцияларын жөндеу бойынша сервис орталықтары;

● жасанды интеллект бағытындағы шешімдерді әзірлеуге арналған жобалар.

IT-парктің құрылуы өңірде жоғары технологиялық салалардың дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді деп күтілуде.

TSARKA қолдауымен