Заңды өкілдер енді өздерінің қамқорлығындағы азаматтардың мүлкі туралы анықтамаларды eGov.kz порталынан ала алады
Кәмелетке толмаған балалардың, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген азаматтардың заңды өкілдері енді eGov.kz порталы арқылы олардың мүлкі және мүлікке тіркелген құқықтар (шектеулер) туралы анықтамаларды ала алады. Бұл қызмет жылжымайтын мүлік туралы мәліметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетіп, әртүрлі санаттағы азаматтар үшін қолжетімді етеді.
Мемлекеттік қызмет енді үшінші тұлғаларға, яғни 18 жасқа толмаған баланың (қамқорлыққа алынған және қорғаншылыққа алынған балаларды қоса алғанда) қамқоршыларына және әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған азаматтардың заңды өкілдеріне қолжетімді болды.
6-нысандағы анықтама өтініш берушінің атында мүліктің бар немесе жоқ екенін растайды, ал 2-нысандағы анықтама мүлікке меншік құқығы және оған салынған шектеулер, мысалы, қамау немесе кепіл туралы ақпаратты қамтиды. Бұл мәліметтер жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер, несие алу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу және басқа да құқықтық және әкімшілік рәсімдер үшін қажет.
Анықтамаларды алу үшін заңды өкілдерге келесі қадамдарды орындау қажет:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Жылжымайтын мүлік» - «Сатып алу, сату, жалға алу» бөлімдеріне өту;
- қажетті қызметті таңдау: «Ф-6 анықтамасы (мүліктің бар екені туралы)» немесе «Ф-2 анықтамасы (мүлікке шектеулердің, кепілдің, қамаудың жоқтығы туралы)»;
- «Қызметті алу» бөлімінде «Балаға (18 жасқа дейінгі, оның ішінде қамқорлықтағы және қорғаншылықтағы балаға)» немесе «Заңды өкіл (әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған азаматтарға)» нұсқасын таңдау;
- қажетті жолдарды толтыру;
- қолжетімді әдістердің бірімен өтінішті растау.
Қызметтің нәтижесімен пайдаланушы жеке кабинет арқылы таныса алады.
Қызмет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.