Жасанды интеллект мемлекеттік сатып алулар кезінде 781 миллиард теңге үнемдеуге көмектесті
Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев Үкіметтің 2025 жылғы қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалуы қорытындылары жөніндегі отырысында айтты.
Қаржы министрлігінің деректері бойынша есепті кезеңде бюджет қаражатын пайдалану бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 791 тексеру жүргізілді. 348 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталып, оның 310 млрд теңгесі жойылған. Қазіргі уақытта әлеуметтік саладағы 6 мыңнан астам нысан онлайн-мониторингте тұр.
Сонымен қатар министрлік нақты секторда бақылауды күшейтті. Тәуекел профильдері табыстарды жасыру мен бухгалтерлік есепті бұрмалау фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың жоспарланған шығыстарын бюджет бекітілмей тұрып алдын ала талдау барысында 1,5 трлн теңге көлемінде сапасыз жоспарлау анықталды.
Цифрлық трансформация аясында бюджет шығыстарын онлайн-мониторингтеу жүйесі енгізілді, ол бұзушылық тәуекелдерін уақтылы анықтауға көмектеседі. Жүйе білім беру саласында алғашқы нәтижесін көрсетті.
Қазір мониторинг жүйесі тек білім беру емес, сонымен қатар денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтиды. Тексерулер кейбір мемлекеттік қолдау бағдарламалары қатысушыларының бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланатынын көрсетті. Мысалы, қаржы институты болып табылмайтын ұйымдар бюджеттен алынған қаражатты депозитке салып, пайыз түрінде пайда тапқан. Бір жағдайда 1 млрд теңге көлеміндегі несие 80 млн теңге табыс әкелген.
Сондай-ақ қайталанған субсидия алу фактілері анықталған — бірдей мал басына 808 млн теңге төленген. Мәди Такиевтің айтуынша, мұндай мысалдар бақылау мен цифрлық талдауды күшейту мемлекеттік аудит тиімділігін арттырудың басты бағыты болып қала беретінін дәлелдейді.