ЖИ Қазақстанда заңдар жазуға көмектесетін болады
Қазақстанда заң шығару қызметінде жасанды интеллект қолданыла бастады. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрландыру вице-министрі Дмитрий Мун хабарлады.
Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігімен, Әділет министрлігімен және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, қазақстандық заңнама негізінде оқытылған жасанды интеллект агенттерін әзірлеу жұмысы жүріп жатыр.
«Бізде қазірдің өзінде заңдар мен реинжиниринг тәжірибесіне сүйеніп оқытылған агенттің прототипі бар. Ол жаңа нормалардың қолданыстағы заңдарға қайшы келмеуін тексеруге көмектеседі», – деді Мун.
Мұндай жүйелер отандық KazLLM және AlemLLM тілдік модельдері мен ашық KazLaw платформасы негізінде жасалуда. Алайда, вице-министрдің айтуынша, әзірге ең жоғары нәтижені шетелдік үлгіге негізделген ИИ көрсетіп отыр.
«Айта кету керек, қазіргі таңда GPT неғұрлым қызықты нәтиже көрсетуде, себебі ол үлкен көлемдегі деректерге ие және жүздеген миллион доллар инвестиция есебінен дамып келеді. Онда халықаралық тәжірибе ескерілген, бұл жауап сапасына әсер етеді. Ал ИИ-агенттер туралы айтсақ, бұл ұзақ процесс, шамамен бір жылға созылуы мүмкін. Оларды нақты, тар бағытта ақылды ету үшін қосымша оқыту қажет. Біз үлкен тілдік модельді алып, оның жанына қазақстандық заңнама, өзгерістер, әсерлер және реинжиниринг құжаттары бойынша өз деректер базамызды құрамыз — осылайша агент әмбебап модельге қарағанда дәлірек әрі пайдалы болады», – деп түсіндірді Дмитрий Мун.
Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі қазірдің өзінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заң шығару процесін жылдам әрі дәл ететін 15-тен астам арнайы ИИ-агент әзірлеумен айналысып жатыр.