ЖИ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін қалай өзгертеді

2025 жылғы 30 қаңтарда Алматы қаласында Қазақстанның ең ірі жоғары оқу орны – Satbayev University базасында цифрлық проректорларға арналған «Жасанды интеллект: жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясына арналған жаңа көкжиектер» тақырыбында бірегей семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – білім беру жүйесін дамыту және цифрландыру мен жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жағдайында озық тәжірибені тарату. Семинар аясында сарапшылар жасанды интеллекттің теориялық және қолданбалы аспектілерін, оның білім беру үдерістеріндегі рөлін, сондай-ақ жоғары оқу орындарында заманауи цифрлық экожүйені қалыптастыруға арналған стратегиялық қадамдарды талқылады.

Семинарды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ашты. Өз сөзінде ол жоғары білім беру жүйесіне ЖИ мен цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына ерекше мән беріп:

 «Кадрларды және келер ұрпақты даярламай, цифрландырудың дамуы тек бастамалар деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан министрлік жасанды интеллект бойынша инновациялық білім беру бағдарламаларына студенттерді даярлауға ерекше көңіл бөлуде», – деп атап өтті.

Шақырылған спикерлер қатарында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, форсайт және IT-кәсіпкерлік саласындағы жетекші сарапшылар болды. Олар білім берудің цифрлық трансформациясының келешегі туралы көзқарастарымен бөлісіп, тәжірибелік мысалдар келтірді және академиялық ортаға ЖИ-ді енгізудің әртүрлі тәсілдерін қарастырды.

Жасанды интеллект индустриясының дамуы, қолданбаларды әзірлеу, оқыту мен ғылыми зерттеулерге арналған бірыңғай платформаны құру, сондай-ақ білім беру жүйесіне AI модельдерін енгізу тақырыбында Huawei Таяу Шығыс және Орталық Азия бойынша ЖИ жөніндегі бас кеңесшісі Шахиб Рахман сөз сөйледі. 

«Қазіргі уақытта жасанды интеллекттің қолдану ауқымы кеңейіп, түрлі салаларда сұранысқа ие болуда. Дегенмен, ЖИ-ді ең өзекті қолдану саласы – білім беру жүйесіне енгізу. Біздің компанияның стратегиялық мақсаты – келесі буын мамандарына ең күрделі міндеттерді шешуге және ғылым мен технологияны алға жылжытуға мүмкіндік беру. Қазақстандық студенттер арасында бағдарламалау мен инновацияларды дамытуға үлес қосу – бұл біздің индустриямыздың болашағы», – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, 2024 жылы Huawei ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестікте қазақ тіліне бейімделген Huawei AI курстарын оқшауландырды. Бұл Қазақстан студенттеріне жасанды интеллекттің озық технологияларын ана тілінде меңгеруге мүмкіндік беріп, білімге қолжетімділікті кеңейтеді және елдегі кадрларды даярлау деңгейін арттырады.

Іс-шара аяасында IT-кәсіпкер және Chat GPT бойынша курстың авторы Ник Макфлай әлемдегі жасанды интеллекттің даму трендтері мен оның негізгі бизнес-модель ретінде енгізілуіне шолу жасады. Ол жасанды интеллекттің енді тек ірі корпорацияларға арналған құрал болудан қалып, шағын және орта бизнеске де қолжетімді бола бастағанын атап өтті. Бұл өз кезегінде нарықты өзгертіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Семинарда ерекше назар отандық жасанды интеллект технологияларын әзірлеуге бөлінді. Назарбаев Университетінің робототехника профессоры Хусейн Атакан Варол Интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) жетістіктерін таныстырды. Институт қазақ тіліне арналған ірі тілдік модельдерді жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Өз баяндамасында ол KAZ-LLM – алғашқы қазақ тілді ірі тілдік модельдің даму барысын, сондай-ақ Oylan Language Vision Model мультимодальды моделін таныстырды. Бұл модель мәтін, бейне және сөйлеу тілімен жұмыс істеуге қабілетті. Варол ЖИ-ді локализациялау және оны ұлттық контекске бейімдеу Қазақстанда технологияларды одан әрі дамыту мен елдің жасанды интеллект саласында халықаралық деңгейге шығуы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект – бұл жай ғана құрал емес, жоғары білім беруді трансформациялаудың негізгі факторы. Біздің міндетіміз – ЖИ технологияларын меңгеріп қана қоймай, оларды ғылым, өнеркәсіп және бизнеске енгізе алатын мамандарды даярлау», – деп Satbayev University оқу ісі жөніндегі проректоры Ускенбаева Раиса Кабиевна атап өтті.

Семинар жасанды интеллектіні білім беру үдерістеріне енгізу перспективаларын талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар жоғары оқу орындары, мемлекеттік құрылымдар және технологиялық компаниялар арасында тығыз ынтымақтастық орнату қажеттілігін атап өтті. Бұл Қазақстанның цифрлық болашағына дайын мамандарды даярлау үшін маңызды қадам болмақ.

TSARKA қолдауымен