«ЖИ – көмекші, ал көшіруге мүмкіндік беретін құрал емес»: білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша воркшоп.
25 сәуірде Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің (АГЭУ) базасында Teachers’ Summit «Мастер-ұстаз: цифрлы трансформация және жасанды интеллект» атты практикалық уоркшоп өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген педагогтер ChatGPT-ден Perplexity және TikTok-қа дейінгі жаңа технологиялардың оқыту форматын қалай өзгертетінін және білім беруді дербестендіруге қандай мүмкіндіктер ашатынын талқылады.
Білімдегі ЖИ: пайдасы мен сын-қатерлеріНейрожелілер үйреншікті құралға айналып жатқан уақытта мұғалімдердің алдында жаңа міндеттер тұр: ЖИ-ді күнделікті қарапайым процестерді автоматтандыру үшін қалай пайдаланса болады, оқушымен жеке байланыс жоғалып кетпей ме? Балаларды оқу процесіне тарту үшін цифрлы платформаларды қалай дұрыс қолдануға болады?
Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің ректоры Валерий Корвяков атап өтті:
«Қуанышқа орай ма, өкінішке орай ма — бүгінде мұғалім оқушылар үшін жалғыз әрі абсолютті білім көзі болудан қалып отыр. Бұл — жаңа шындық және, сөзсіз, бүкіл білім беру жүйесіне үлкен сынақ. Бірақ мен бүгінгі іс-шара барысында біз маңызды сұрақтарға жауап табамыз деп сенемін: уақыт талабына қалай бейімделу керек, өзгерістерге қалай икемделу керек, осы қарқынды өзгеріп жатқан әлемде қалай оқытамыз және оқимыз».
2024 жылғы «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығының иегері, Татьяна Белоусова атап өтті:«Мұғалімдерге қауіп төніп тұр ма? Бұл ойдан шығарылған. Жасанды интеллект — алмастырушы емес, құрал. Ол шабыт беріп, жан жарасын түсініп, үнсіздікті ести алмайды. Ең бастысы — балалардың сенімі мен назарын аудара отырып, оны қалай қолдануды үйрену».
Онымен Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығының финалисі Мирлан Джусамбаев та келісті. Ол былай деді:«Spotify кешке не тыңдайтынымызды біледі. Netflix көңіл-күйімізді дөп басады. Демек, білім де дәл сондай дербестендірілген бола алады. Әлжелілер — тек көңіл көтеру үшін емес. Бұл — назар аударудың қуатты құралы. Егер балалар сағаттап TikTok-та отырса, онда білімді сол жерге апару керек. Қазіргі мұғалім тек сыныпта емес, әлжеліде де болуы керек.»
Педагогтер ЖИ және басқа цифрлы платформалар оқушылар назарын аударудың тиімді құралына қалай айнала алатынын талқылады. Әсіресе, мектепте ЖИ қолданғандағы этика мен қауіпсіздік мәселелеріне, білім беру процесін дербестендіру мен ойынға айналдыру тәсілдеріне ерекше көңіл бөлді.
Сарапшылар пікірі
Бағдарламаның ең ерекше бөлігі — Андрей Комиссаровтың жүргізуімен өткен Интеллектуалдық рейв болды. «Синергия» корпорациясының жасанды интеллект жөніндегі проректоры әрі «Юна» жекеменшік мектебінің негізін қалаушы Комиссаров ұстаздарды топтарға бөліп, оларға Perplexity.ai, Qwen LLM сияқты ІІ-құралдарды және визуалды контент генераторларын қолдана отырып, интерактивті сабақтар құруды ұсынды. Қатысушылар жасанды интеллекттің ақпарат іздеу, сабақ жоспарын құру және оқу материалдарын визуализациялау процесіндегі мүмкіндіктерін іс жүзінде сынап көрді. Бұл ұстаздарға арналған шынайы креативті жарыс болды — цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін барынша сезінген сәт! Өз сөзінде Комиссаров атап өтті:«Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыру емес, оның әлеуетін күшейту туралы. Жаңа құралдарды меңгеріп қана қоймай, әр оқушы олардың көмегімен өз әлеуетін аша алатындай, икемді әрі бейімделген оқыту жүйесін қалай құру керектігін түсіну маңызды.»
Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі және STEM-білім беру саласының сарапшысы Сергей Ловягин былай деді:«Бүгінгі мектеп технологияларды елемей қоя алмайды. Егер мұғалім заманға сай болмаса, оқушылармен байланысын жоғалтады. Жасанды интеллект — бұл көшіруге арналған құрал емес, білім беруді шынайы, қызықты әрі тиімді ететін қуатты көмекші. Ең бастысы — оны нақты білім беру үдерісінің орнына қою емес, ақылмен пайдалану, онымен әріптес болу»
Қорытынды және келесі қадамдар
Уоркшоп соңында қатысушылар сертификаттар мен онлайн-курсты өту мүмкіндігін алды.
Іс-шараның бас серіктесі — еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі саналатын, 9500-ден астам студент білім алатын АГЭУ болды. Университет тек алаң ұсынып қана қоймай, уоркшоптың тең ұйымдастырушысы ретінде де қатысты, бұл оның заманауи білім шешімдерінің орталығы екенін тағы бір мәрте растады.