ЖИ туралы алғашқы заң: Қазақстан тәжірибе алаңы болғысы келмейді

Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда Қазақстан тарихындағы жасанды интеллект мәселелері жөніндегі алғашқы заң жобасын қарастыруда — бұл құжат ЖИ саласын реттейтін жүйе құруға бағытталған.

Заң авторларының бірі — депутат Екатерина Смышляева — ЖИ технологияларын қазірден бастап реттеу неге қажет екенін және жобада технология мен қоғам мүдделерінің тепе-теңдігін қалай сақтауға тырысқанын түсіндірді

Смышляеваның айтуынша, Еуроодақтағы ЖИ туралы актіден айырмашылығы — ол құжат технологиялық компаниялардың ЕО-дан кетуіне әкелген — қазақстандық заң жобасы шамадан тыс шектеулерден бас тартады. Бұл заңда саланың дамуын тежейтін ережелер қарастырылмаған.

Алайда, депутаттың пікірінше, технологияны мүлде реттемей қою да қауіпті:

«Егер бұл технологияны мүлде реттемейтін болсақ, өкінішке қарай, біздің юрисдикция үлкен эксперимент алаңына айналуы мүмкін. Егер біз бүгін азаматтарымыздың деректерін, құпиялылығын, еркіндігін қорғауды орнатпасақ, онда технологиялар жарысына еріп, өз қоғамымызға зиян келтіруіміз ықтимал».

Сондықтан заң жобасын әзірлеушілер икемді әрі сараланған тәсіл ұсынуда: тек әлеуетті қауіп төндіретін ЖИ жүйелері ғана реттелмек. Қалған жүйелер жеңілдетілген құқықтық режимде жұмыс істей алады. Сонымен қатар, жобада инновацияларды ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Смышляева реттеу кезең-кезеңімен жүзеге асатынын, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізілетінін де атап өтті. Ол сөзін мынадай оймен қорытындылады:

«ЖИ өзі заң жазып, өзі қабылдайтын сәтті күтудің қажеті жоқ — оны өзіміз қабылдағанымыз дұрыс».

TSARKA қолдауымен