ЖИ және БАҚ: Астанада цифрлық журналистиканың сын-қатерлері мен мүмкіндіктері талқыланды

Астанада Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Huawei компаниясы ұйымдастырған The Future of Content: Journalism in the Age of Generative AI атты медиа-тренинг өтті. Іс-шараға қазақстандық БАҚ өкілдері, технология, коммуникация және цифрлық трансформация салаларындағы мамандар қатысты.

Тренингтің негізгі тақырыбы — генеративті жасанды интеллекттің журналистикаға ықпалын зерттеу. Бағдарламаға қатысқан жетекші сарапшылар ЖИ-ді медиасалада қолданудың этикалық қырларын, практикалық құралдарын және үнемі өзгеріп отыратын цифрлық орта жағдайындағы журналистердің психологиялық қиындықтарын талқылады.

Министрлік өкілі өз сөзінде журналистік қауымдастықтың жаңа технологиялық шындықтарға бейімделуінің маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінде журналистика өте жылдам өзгеріп жатыр. Мемлекеттің міндеті — мамандарға өзекті білім мен технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Әсіресе, ІТ және цифрлық инновациялар тақырыптарын кәсіби әрі объективті түрде жариялауға ұмтылатын ортаға қолдау көрсету аса маңызды», — деді ол.

Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы бас директорының орынбасары Сью Хай технологиялық дамудың БАҚ тарапынан жауапкершілікпен қатар жүруі қажет екенін айтты:

«Huawei журналистердің еңбегін жоғары бағалайды және кәсіби қауымдастықты білім беру бастамалары арқылы қолдауға тырысады. Біз жыл сайын цифрлық қауіпсіздіктен бастап жаңа технологиялық трендтерге дейінгі тақырыптарда кездесулер өткіземіз. Өйткені журналистердің кәсіби деңгейі қаншалықты жоғары болса, қоғам да соншалықты мықты әрі орнықты болады», — деп атап өтті ол.

Басты спикерлердің бірі — экономист әрі журналист Рахым Ошақбаев болды. Ол жасанды интеллекттің редакциялық тәжірибеге әсерін жан-жақты баяндады. Өз баяндамасында журналистік жұмыста ЖИ-дің кең мүмкіндіктері мен адам факторын сақтау қажеттілігін ерекше атап өтті:

«Көз алдымызда ЖИ журналистің күнделікті жұмысын өзгертіп жатыр: мәтін ағындарын талдайды, сұхбатты жылдам шешеді, тақырыптар ұсынады, типтік жаңалықтар жасайды. Бірақ мұның бәрі – алгоритм. Оның ар-ожданы да, жанашырлығы да, интонациясы да жоқ», — деді ол. «Парадокс мынада: айналамызда машина тудырған контент көбейген сайын – шынайы, адами мәтіндердің құны арта түседі. ЖИ журналистің орнын баспайды. Керісінше, жан-тәнімен жазатын авторларды айқындап береді – ал оқырман дәл сондай мәтіндерді іздейді», — деп түйіндеді Рахым Ошақбаев.

Тағы бір спикер – Huawei компаниясының сымсыз технологиялар жөніндегі өнім менеджері Дмитрий Рубцов болды. Ол 5.5G желілерінің мүмкіндіктері мен олардың мобильді ЖИ дамуына ықпалын таныстырды. Жаңа буындағы технологиялар деректерді іс жүзінде лезде өңдеуге және беруге мүмкіндік береді, бұл ақпараттық жүктеме жағдайындағы медиасала үшін өзекті. Мұндай шешімдер цифрлық ортада контент жасауды жеңілдетіп, журналистік жұмысты тиімді ете алады.

Қатысушылардың ерекше назарын Қазақстан ЖИ дамыту қауымдастығы вице-президенті Анара Төлебаеваның баяндамасы аударды. Ол генеративті үлгілерді пайдалану кезінде туындайтын сезімтал этикалық мәселелерді атап өтті.

Бағдарлама соңында эмоциялық интеллект және коммуникация саласының сарапшысы Жанель Сариева сөз сөйледі. Ол ақпараттық жүктеме мен эмоционалдық күйзелістің журналистерге әсеріне тоқталып, тұрақты қысым жағдайында өзін-өзі реттеу маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара Huawei компаниясының медиасалада цифрлық сауаттылықты қолдау бағытындағы тұрақты жұмысының жалғасы болды. Компания журналистерге арналған оқыту тренингтері мен семинарларын тұрақты өткізіп келеді, басты назарды этика, технология және ақпараттық сын-қатерлерге төзімділік тақырыптарына аударады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, технологиялық өзгерістердің қарқыны күшейіп жатқан қазіргі жағдайда мұндай кездесулер журналистерге жаңа шындыққа бейімделуге және ІТ-тақырыптарымен сенімді жұмыс істеуге көмектеседі.

TSARKA қолдауымен