AI’preneurs 2025: AI-стартаптар үшін жаңа стандарттар орнатты

AI’preneurs 2025: AI-стартаптар үшін жаңа стандарттар орнатты

Жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға бағытталған AI’preneurs акселерациялық бағдарламасының екінші легі елеулі нәтижелермен аяқталды. Бағдарлама аясында сату және алдын ала сатылымның жалпы көлемі 153 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ Astana Hub Ventures венчурлік қорынан екі стартапқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде инвестицияға soft commitment алынды.

«AI’preneurs екінші легіне 360 өтінім түсті, олардың ішінен 54 AI-талант іріктеліп, 13 стартап құрылды. Бұл лег алғашқы легтен біршама асып түсті және AI-стартаптарға жаңа стандарттар орнатты. Бағдарлама идеяларды өнімге айналдырып, нарыққа шығаруда қатысушыларға трекерлердің тәжірибесіне, сарапшыларға және ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін беріп, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біз IT-таланттарды көбірек тартып, олардың жобаларын жаһандық деңгейге шығаруды көздейміз», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Айта кетерлігі, бірінші кезеңде қатысушылар 20 команда құрып, оның ішінде акселерацияны сәтті аяқтаған 13 жоба Demo Day 2025 аясында таныстырылды. Олардың ішінде: CoFounder AI – клиенттерді тауып, бизнесті автопилотпен масштабтайтын AI-агенттер экожүйесі; STIKER.AI – салық консультанттары мен фриланс мамандарға құжат жинау және WhatsApp арқылы төлемдер қабылдау секілді үдерістерді автоматтандыруға көмектеседі; TabiLens – келешекке бағытталған туристік маркетингке арналған AI-платформа; OYS – сату менеджерлерін бір күнде онбордингтен өткізіп, конверсияны арттыратын және толық талдау ұсынатын жүйе; Botable.dev – бизнестегі AI-шешімдерді оңай құрастырып, енгізу идеясын ұсынатын жоба; SolidRock – видео ойындарды аудару, локализациялау және интеграциялауға арналған инженерлік AI шешімі; Yer AI – үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындыққа арналған AI-платформа; ATeam – қызметкерлердің даму жоспары мен тиімділігін талдау арқылы автоматтандыруға бағытталған HR-платформа; Omir AI – медициналық талдау нәтижелерін өңдеп, жеке ұсыныстар беретін стартап; NIGIN – бизнеске нақты AI-стратегия жасап, табысты арттыруды мақсат ететін AI-агенттер платформасы; U-Drone – жол-көлік оқиғаларын автономды түрде тіркейтін және апат орнын дрондар мен жасанды интеллект көмегімен бірнеше минут ішінде 3D-модельдейтін жүйе; Ping! – ритейлге арналған клиенттік сервистер экожүйесі; GoStratify – корпоративтік деректерді құрылымдап, жасанды интеллектке ыңғайлы форматқа келтіретін платформа.

Demo Day аясында ұсынылған стартаптардың бірі – U-Drone жобасы. Бұл дрондар мен 3D-модельдеуді пайдалана отырып, қалалық жол қозғалысын жеңілдетуге арналған технологиялық шешім.

«Мен 10 жылдан астам уақыт қаланы жоспарлау және дамыту ісімен айналысып келемін. Astana Hub-тың AI’preneurs бағдарламасы IT әлемін ашуға мүмкіндік берді. U-Drone жобасы – жол-көлік оқиғаларының қаладағы мобильділікке қаншалықты әсер ететінін зерделеу барысында пайда болған идея. Қазіргі уақытта барлық процесс мамандардың көмегімен іске асады. Ендігі мақсатымыз – дрон өздігінен ұшып барып, жол-көлік оқиғасын тіркеп, адамның қатысуынсыз базаға оралатын толық автономды жүйе құру», — дейді U-Drone жобасының негізін қалаушы, сәулетші Ерқанат Зайытов.

Қатысушылар акселерациядан қарқынды форматта өтіп, оларға үздіксіз сараптамалық қолдау көрсетілді. AI’preneurs бағдарламасының жетекші трекерлері Евгений Фролов пен Николай Тян гипотезаны тексеруден бастап нарыққа шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетті. Борд-митингтер, жіберілген қателіктерді талдау – командалар трансформациясындағы маңызды құралдарға айналды.

Бағдарлама IT-кәсіпкерлер, инженерлер және мамандар арасында үлкен қызығушылық тудырды. 2024 жылы іске қосылған сәттен бастап, AI’preneurs бағдарламасына Қазақстан мен жақын шет елдерден 612 өтінім келіп түскен. Бұл бағдарлама тек идеялар туралы емес, нақты нәтижелерге бағытталған. Бірінші лекке қатысқан стартаптар бүгінде 350 000 АҚШ долларынан астам инвестиция тартып, дамуын жалғастырып келеді.

AI’preneurs қатысушыларға менторлық қолдау, Astana Hub инфрақұрылымы, халықаралық деңгейдегі байланыстар және қажетті ресурстарды ұсынады. Бағдарлама AI-стартаптарды дамыту мен масштабтауға жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыра бермек.

TSARKA қолдауымен