«Ақ жол» фракциясы цифрлық активтерді бақылау үшін криптобанк құруды ұсынды

«Ақ жол» фракциясы цифрлық активтерді бақылау үшін криптобанк құруды ұсынды

Депутаттар Қазақстанда цифрлық активтерді заңды түрде сақтау, бақылау және айырбастаумен айналысатын арнайы мекеме — криптобанк құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Олардың пікірінше, мұндай институттар АҚШ, Швейцария, Германия және Сингапур секілді елдерде тиімділігін дәлелдеген. Бұл елдерде цифрлық активтер заңды айналымда қолданылып, финтех саласының дамуына ықпал етіп отыр.

Мәлімдемеде 2017–2018 жылдары Қазақстанда криптовалютаны қолдануға салынған тыйым кері әсер бергені атап өтілді — көлеңкелі нарық өсті, заңсыз айырбастау орындары пайда болды, салықтан жалтару және заңсыз қызметтерді қаржыландыру көбейді.

«Тыйым көлеңкелі нарықтың өсуіне, заңсыз айырбастау нүктелерінің және “сұр” схемалардың пайда болуына, салықтан жалтару мен заңсыз қызметтерді қаржыландыруға алып келді. Қазақстандықтар криптоалаяқтар мен заңсыз платформалар, қаржы пирамидалары мен скам-жобалар (OneCoin, BitConnect, Terra/Luna) салдарынан ірі қаражаттарынан айырылуда. Миллиардтаған криптовалюта заңсыз жолмен шетелге шығарылып жатыр, ал мемлекет бұл транзакцияларды бақылай алмай, қомақты салық түсімдерінен айырылып отыр», – деді депутаттар.

Олар криптооперацияларды заңдастырып, криптовалюта қозғалысын бақылауды күшейту үшін Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен гибридті форматтағы криптобанк құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

TSARKA қолдауымен