Алаяқтарды ақша аударымына дейін анықтайтын болады: Ұлттық банк Антифрод-орталығының жоспарлары

Қазақстан Ұлттық банкі қаржылық қауіпсіздік экожүйесіндегі негізгі буын саналатын Антифрод-орталықтың бір жылдық жұмысын қорытындылады. 2024 жылғы шілдеден бері 2,5 млрд теңгеден астам сомаға 63 мыңнан астам күмәнді транзакция бұғатталған. Орталықтың жұмысы арқасында зардап шеккен азаматтарға 250 млн теңге қайтарылды.
Ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдер:
– телефон арқылы алдау (22%),
– жалған инвестициялық жобалар және
– “дропперлік” карталарды қолдану (екеуі де — 19%).
Айта кетерлігі, күмәнді аударымдарды алушылардың жартысынан астамы — 16-24 жас аралығындағы жастар.
Антифрод-орталық 200-ден астам ұйымды біріктіреді: банктер, микроқаржы ұйымдары, ұялы байланыс операторлары, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік құрылымдар. Бірлескен жұмыс арқылы жедел мәлімет алмасу жолға қойылып, алаяқтық схемаларды бұғаттау инфрақұрылымы құрылды және қауіптерді болжауға бағытталған алғашқы технологиялар іске қосылды.
2025 жылға жоспарланған бастамалар:
● Сессиялық антифрод — банк қосымшаларындағы пайдаланушы әрекеттерін нақты уақытта талдайтын жүйе. Бұл алаяқтықты ақша аударымына дейін анықтауға мүмкіндік береді.
● Транзакциялық антифрод — банктер арасындағы күмәнді аударымдарды ұлттық деңгейде бақылау.
● Қаражатты қайтаруды жеңілдету — ІІМ мен прокуратурадан растау болған жағдайда сотсыз қайтару мүмкіндігі.
● Байланыс операторларымен біріктіру — ұялы байланыс компанияларының антифрод жүйелері бірыңғай платформаға қосылады.
● Заңсыз операцияларға бақылауды күшейту — әсіресе құмар ойындар мен есірткі саудасы салаларында.
Киберқауіптерге қарсы күрестегі цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі заңнаманы жетілдірумен, жасанды интеллект шешімдерін енгізумен және халықаралық ынтымақтастықпен қатар жүреді.