Alatau City-де бизнес-хабтар, академиялық қалашық және туристік аймақ құрылады
Алматыда жаңа Alatau City қаласының төрт дистриктін – Gate, Golden, Growing және Green – ауқымды құрылысқа дайындау жұмыстары басталды. Әр дистрикттің өз мамандануы болады.
Gate District Отеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің арасында орналасқан. Мұнда Pepsi Co, Caspian Group және Алматы желдеткіш зауыты жобалары жүзеге асырылады. Дистрикттің өзегі – халықаралық бизнес-даму орталығы Iconic Building-1. Канат Бозымбаев МПС-ке, әкімдікке және инвесторға осы ғимараттың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Ол Alatau City жобасының символына айналмақ.
Golden District Кіші Алматы және Қаскелең өзендерінің арасындағы трасса бойында орналасқан. Бұл аймақ ғылым, білім және медицина орталығы ретінде дамиды. Мұнда K-Park мәдени-бизнес кешені салынып жатыр, халықаралық білім орталығы, академиялық қалашық және көпсалалы медициналық кластер жоспарланған. Сондай-ақ Hyundai Green Food Almaty және Mars компанияларының жобалары бар.
Growing District Алматы–Қапшағай трассасында және Жетіген–Қазыбек теміржол желісі бойында орналасып, экспортқа бағытталған өнеркәсіптік-логистикалық орталық ретінде қалыптасады. Өндірістік аймақтар көлік дәліздерінің бойында және әуежайға жақын орналасқан. Вице-премьер Rhenus Logistics халықаралық компаниясының басшылығымен кездесіп, Алатауда көлік-индустриялық хаб құру бойынша әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.
Green District 31 730 гектар аумақты алып жатыр. Ол Қапшағай суқоймасымен, Қаскелең өзенімен және Қонаев қаласымен шектеседі. Мұнда курорттар мен саябақтарға арналған аймақтар бөлінді. Болашақта Формула-1 жарыс трассасы мен Iconic Building-2 туристік орталығы салу жоспарлануда.
Жұмыс сапары аясында Канат Бозымбаев министрліктердің, инвесторлардың, бизнес пен халықаралық сарапшылардың қатысуымен Жобалық кеңсе отырысын өткізді. Оған Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Вонг Хэн Файн да қатысты. Кездесуде инвестицияларды қорғау, келісімшарттардың тұрақтылығы, қытайлық CRDI компаниясымен кеңестік жұмыс, Алатау қаласының даму кеңесін құру және Alatau City Authority Мемлекеттік қорының Жарғысын бекіту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар вице-премьер Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі Жарлығының орындалуымен және «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындаумен танысты.
Жиын қорытындысында Канат Бозымбаев жауапты ведомстволарға қаланы тиімді дамыту үшін кешенді тәсіл мен үйлесімді әрекеттерді қамтамасыз етуді тапсырды.