AlgoBatyr: Астанада спорттық бағдарламалау бойынша жаңа чемпионат басталады

AlgoBatyr: Астанада спорттық бағдарламалау бойынша жаңа чемпионат басталады

Astana Hub AlgoBatyr спорттық бағдарламалау чемпионатының іріктеу кезеңіне өтінімдер қабылданып жатқанын хабарлайды. Бұл жарыс бағдарламашылар мен әзірлеушілерге жаңа сынақ болмақ. Сайыс 17 наурыз сағат 20:00-де (Астана уақытымен) онлайн форматта өтеді, бұл қатысушыларға әлемнің түкпір-түкпірінен қосылуға мүмкіндік береді.

Тіркеу 2025 жылдың 16 наурызына дейін ашық:auth.cpfed.kz/kk/  

Чемпионатқа 22 жастан асқан бастаушы әрі тәжірибелі бағдарламашылар мен IT-мамандар қатыса алады. Алайда соңғы 10 жылда олимпиадаларға қатысқан үміткерлер бақ сынай алмайды. Егер соңғы жарыстан бері 10 жыл немесе одан көп уақыт өтсе, рұқсат етіледі. Қатысушыларға 1,5 сағат ішінде алгоритмдік тапсырмаларды шешу қажет. Бағдарламалау тілін таңдау еркіндігі бар: C++, Java, Kotlin, Python және басқалары. Үздік нәтиже көрсеткендер 12 сәуірде Astana Hub-та өтетін финалдық кезеңге жолдама алып, чемпион атағы мен қомақты жүлде қоры үшін таласқа түседі.

AlgoBatyr – ерекше тапсырмаларды шешу арқылы өз біліміңді сынауға, алгоритмдік ойлау қабілетін дамытуға және спорттық бағдарламалау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін сайыс.

Чемпионат Astana Hub пен Спорттық бағдарламалау федерациясы қолдауымен ұйымдастырылады. Тараптар осы бастама арқылы адам капиталын дамытып, талантты мамандарға қолдау көрсетуді көздейді.

Айта кетейік, былтыр елімізде спорттық бағдарламалау саласындағы ең ірі жаһандық жарыстардың бірі – ICPC әлем чемпионатының 48-ші финалы өтті. Астанада MIT, Oxford, Cambridge, KAIST, Berkeley және басқа да жетекші университеттердің 142 командасы бас қосып, өзара сынға түсті. AlgoBatyr осы игі дәстүрді жалғап, жаңа IT-таланттардың қанат жаюына ықпал етеді.

Толық ақпаратты auth.cpfed.kz/kk/ сайтынан оқуға болады.

TSARKA қолдауымен