AlgoBatyr: Спорттық бағдарламалау чемпионатының жеңімпаздары

AlgoBatyr: Спорттық бағдарламалау чемпионатының жеңімпаздары

Astana Hub алаңында елімізде алғаш рет ересек IT-мамандарға арналған спорттық бағдарламалау чемпионаты – AlgoBatyr финалы өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен түскен 280 өтінімнің ішінен іріктелген қатысушылар алгоритмдік тапсырмаларды шешіп, чемпион атағы мен 1 000 000 теңге жүлде қоры үшін бақ сынады. Зияткерлік сайыс Astana Hub және Спорттық бағдарламалау федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

AlgoBatyr-ға қатысушылар жоғары зейін мен бәсекеге толы қарқынды танытып, сапалы дайындық деңгейі мен бағдарламалау құралдарын сенімді меңгергенін көрсетті. Нәтижесінде, Оразбек Хибадуллин (Zapis.kz) чемпионатанып, бас жүлде – 500 000 теңгеге ие болды. Владимир Ли (Magnum E-comm) есімді IT-маман 2-орын мен 300 000 теңгені иеленсе, үздік үштікті Данияр Досмағамбетов (AAEngineering) түйіндеп, 200 000 теңге жүлдеге қол жеткізді.

Іс-шараға Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев пен Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин қатысты.

«AlgoBatyr бастамасы ересек азаматтардың қызығушылығы мен сұранысына орай қолға алынды. Біз IT саласындағы алғашқы қадамды кез келген жаста жасауға болатынына сенеміз. Ең бастысы, оқу мен дамуға деген ниет болуы керек. Astana Hub мұндай бастамаларды алғашқы күннен-ақ қолдап келеді. Біздің миссиямыз – адам капиталын дамыту, таланттарды қолдау және Қазақстандағы стартап-экожүйені нығайту. Әр адам өз әлеуетін ашып, білім алып, өзін жаңа қырынан сынап көріп, елдің технологиялық трансформациясының бір бөлігі атануы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

AlgoBatyr – еліміздегі 22 жастан асқан IT-мамандарға бейімделген алғашқы сайыстардың бірі. Бағдарламалау жолында бұл жас тобына қолайлы форматтар әлі де жетіспейді. Десе де, финалға жеткен мықтыларбағдарламалауға деген қызығушылықтың жас талғамайтынын айшықтады. Мұндай сайыстар кәсіби IT-қауымдастық тарапынан қолдау табатыны анық.

«280 адам өз күштері мен жүйкесін сынауға уақыт тапты. Соның ішінен 40-ы финалға дейін жетті – араларында жаңа таланттар да, цифрлы кәсіптің тәжірибелі шеберлері де бар. Саусақтары компилятордан жылдам код жазатын, нағыз құмар кодерлер шоудың көкесін көрсетеді деп ойлаған едім – қателеспеппін. C++, Python, Java, Kotlin және басқа да тілдерде шайқасқан IT аренасының бұл гладиаторлары Astana Hub қабырғасында, шын мәнінде, даңққа лайық өнер көрсетті», – деп әсерімен бөлісті Бағдат Мусин.

TSARKA қолдауымен