Алибек Индыкбаев «Кселл» АҚ директорлар кеңесіне сайланды
«Кселл» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жиналысының қорытындысы бойынша компанияның директорлар кеңесіне «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік бизнес дивизионының басшысы – Алибек Бейбитұлы Индыкбаев сайланды.
Алибек Индыкбаев өзінің еңбек жолын 2005 жылы ақпараттық технологиялар саласында бастаған, кейіннен «Қазақтелеком» АҚ, «KAZTRANSCOM» АҚ сияқты ұйымдарда басшылық қызметтер атқарып, сондай-ақ «Altyn Bank» АҚ басқарма төрағасының IT жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Қазіргі уақытта ол «Қазақтелеком» АҚ мен «AzerTelecom» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны – CASPINET B.V техникалық директоры болып табылады. Бұл кәсіпорын «Транскаспийлік ВОЛС» жобасын жүзеге асыруда (Каспий теңізінің түбі арқылы Қазақстан мен Әзербайжан арасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу және Еуропаға шығу). Сонымен қатар, Алибек Индыкбаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі және корпоративтік бизнес дивизионының басшысы болып табылады.
Алибек Индыкбаев қаржы және телекоммуникация салаларында екі жоғары білімге ие және 19 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар.
Индыкбаев мырзаның тағайындалуы «Қазақтелеком» АҚ-пен интеграцияны нығайтуға және корпоративтік инфокоммуникациялар нарығындағы екі компанияның позицияларын күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Оның «Кселл» басшылығына қосылуы даму стратегиясы аясында, соның ішінде 5G технологияларын енгізу сияқты ұлттық жобаларға қатысу арқылы бірлескен күш-жігерді тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
«Қазақтелеком» АҚ мен «Кселл» АҚ арасындағы синергия корпоративтік клиенттердің өсіп келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыруға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Екі компанияның одан әрі ынтымақтастығы телекоммуникациялық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етіп, стратегиялық міндеттерді орындауға және нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.
«Кселл» АҚ – Қазақстандағы жетекші ұялы байланыс операторы, ол дауыстық ұялы байланыс, деректерді беру және мультимедиялық хабарламалармен алмасу, мобильді контентке қолжетімділік сияқты қосымша қызметтерді (VAS) қоса алғанда, кең ауқымды қызметтер ұсынады. Компания екі брендпен жұмыс істейді: Кселл – корпоративтік клиенттер мен мемлекеттік құрылымдар үшін, және Activ – жаппай нарық үшін. Компанияның желісі Қазақстан Республикасының барлық дерлік аумағын қамтиды, сапалы қамту және сенімді байланыс қызметтерін ұсынады.