Алматыда "Малай" фильмінің премьерасы өтті

Кеше Алматыдағы Halyk IMAX Kinopark 16 кинотеатрында "Малай" атты жаңа отбасылық комедияның ауқымды премьерасы өтті. Іс-шараға 800-ден астам қонақ шақырылды, олардың арасында танымал киногерлер, блогерлер мен журналистер болды. Қонақтарды ұлттық киімдегі қыздар қарсы алып, залда халық аспаптар оркестрі ойнады, ал фильмнің көрсетілімі алты залда ұйымдастырылды. Қатысушылар атап өткендей, бұл Қазақстандағы ең ірі кино тұсаукесерлердің бірі болды.
Алдағы Наурыз мерекесінің басты фильміне айналатын «Малай» атты жаңа отбасылық комедия отандық кинотеатрлардан 13 наурыздан бастап көрсетіледі. Бұл «Холоп» атты табысты халықаралық франшизаның ресми адаптациясы – 2019 жылы шыққан алғашқы фильм ресейлік прокаттың өзінде 62 миллион доллардан астам пайда тапқан, ал туындыны бейімдеу құқығы көптеген елдерге, соның ішінде Франция, Түркия, Мексика, Үндістан және Жапония секілді ірі кинонарықтарға сатылған.
Фильмнің отандық нұсқасының режиссері – «Келінжан», «Хотя бы в кинода 2» және «Жездуха» сияқты табысты хиттерді түсірген Ернар Нұрғалиев. Режиссердің айтуынша - бұл бүкіл отбасымен көруге арналған, жанға жылу сыйлайтын көңілді хикая. Отандық “Малай” қазақ тілінде түсіріліп, фильмде жергілікті менталитет пен әзіл ерекшеліктері ескерілді.
Сюжет Чина есімді бай баласы туралы, ол дүниеде барлық нәрсені әкесінің ақшасына сатып алуға болатынына сенімді. Бір сәтте әкесінің шыдамы таусылып, ол ұлын ерекше әдіспен қайта тәрбиелеуге шешім қабылдайды – олигарх XIX ғасырдағы қазақ ауылын қайта құрастыртын арнайы адамдарды жалдап, Чинаны сол жаққа жібереді. Ол енді ауқатты әкенің баласы емес, жаңа жағдайда күн көруге мәжбүр болған қарапайым жігіт болып шыға келеді.
Басты рөлде Zheka Fatbelly деген лақап атымен танымал блогер Жеңіс Омаров ойнайды - оның Instagram желісінде 3,1 миллион оқырманы бар. Бұл оның кинодағы алғашқы үлкен рөлі. Жеңістің айтуынша, ол түсірілім кезінде қиналған, өйткені физикалық сахналар өте көп болған - әсіресе, ат үстінде отыру, атпен шабу деген секілді. Бірақ, қиындықтарға қарамастан, ол өз рөлінде ойнай біліп, кейіпкерін түсінуге тырысқан.
Фильмде, сонымен қатар, Аида Құрманғалиева, Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахмет, Ермек Шынболатов, Сәбина Мовлаева, Жандарбек Садырбаев, Хамит Ердехан секілді танымал жұлдыздар ойнайды.
Фильмді «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесе отырып, Unico компаниясы шығарған. «Малай» отбасылық комедиясы 13 наурыздан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Фильм туралы барлық өзекті ақпарат @malay_film парақшасында қолжетімді.