Алматыда шекарадан өткенде 3,7 млн доллардан астам декларацияланды

Алматыда шекарадан өткенде 3,7 млн доллардан астам декларацияланды

Алматыда 2024 жылдың басынан бері 238 жолаушылардың кедендік декларациясы рәсімделіп, 3,7 млн АҚШ долларынан астам сомаға бағаланған тауарлар жарияланды. Декларацияланған заттар қатарында зергерлік бұйымдар, аң терісі, сағаттар мен цифрлық техника бар. Сонымен қатар, кеден қызметкерлері қолма-қол шетел валютасын жарияламауға байланысты 50 заң бұзушылықты және құнды заттарды, атап айтқанда ұялы телефондар мен зергерлік бұйымдарды жарияламауға қатысты 19 заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, жолаушылардың кедендік декларациясы – бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шекарасынан жеке пайдалануға арналған тауарлар алып өткен кезде жеке тұлғалар толтыратын құжат.

Кедендік декларацияны өзімен бірге алып жүретін бағалы жеке заттар үшін толтыру қажет, атап айтқанда зергерлік бұйымдар, аң терісі, сағаттар және цифрлық техника. Сондай-ақ міндетті декларациялауға жататын тауарлар үшін де рәсімделеді.

Міндетті декларациялауға жатады:

• 10 000 АҚШ долларына баламалы қолма-қол ақша;

• жеке автокөліктер;

• бағалы материалдар;

• мәдени құндылықтар;

• жануарлар мен өсімдіктер;

• қару-жарақ пен есірткі заттары.

Жеке тұлғалар ілесіп жүретін немесе ілеспейтін багажда белгіленген нормаларға сәйкес жеке пайдалану үшін тауарларды баж салығын төлемей әкелуге құқылы.

Әуе көлігімен шекарадан өткенде декларациясыз алып өтуге рұқсат етілген тауарлардың құны 10 000 еуродан аспауы және салмағы 50 кг дейін болуы тиіс. Басқа көлік түрлерімен немесе жаяу өткен жағдайда нормалар 500 еуроға және 25 кг дейін шектеледі. Егер тауарлардың құны немесе салмағы белгіленген нормалардан асатын болса, кедендік төлемдер төлеу қажет болады. Ол үшін белгіленген тариф – құнының 30%-ы, бірақ нормадан асатын әр килограмм үшін кемінде 4 еуро.

Азаматтардың ыңғайлылығы үшін жолаушылардың кедендік декларациясын «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы толтыру мүмкіндігі бар. Қызметті пайдалану үшін басты мәзірден «Декларацияны тапсыру», «Декларация беру» және «Жолаушылардың кедендік декларациясы» бөлімдерін таңдау жеткілікті.

TSARKA қолдауымен