Арнайы ХҚКО-ларда автокөлік иелері үшін міндетті биометрия енгізілді

Арнайы ХҚКО-ларда автокөлік иелері үшін міндетті биометрия енгізілді

Қазақстандағы арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (арнайы ХҚКО) көлік тіркеу және емтихан тапсыру сияқты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде тұлғаны биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді.

Бұған дейін клиенттің жеке басы ұсынылған құжат негізінде қолмен тексерілетін. Енді бұл процесс автоматтандырылды: қызмет көрсету кезінде азаматтың суреті түсіріледі, ал жүйе оны Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорындағы фотосуретпен салыстырады. Бұл — өзге біреудің құжатымен, жалған фотосуретпен немесе телефон экранындағы бейнемен қызмет алуға жол бермейді.

Егер жүйе адамның жеке басын растай алмаса, қызмет көрсету автоматты түрде тоқтатылады.

«Біз қызмет көрсету процесіндегі адами факторды алып тастадық, бұл бұзушылықтарға жол ашуы мүмкін еді. Биометриялық сәйкестендіру — ашықтыққа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған қадам», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.

Жаңа технология қазіргі таңда еліміздің барлық арнайы ХҚКО-ларында қолданылады.

TSARKA қолдауымен